Павлодарда өгей әке екі жасар қызды аяусыз ұрған

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Павлодарда өгей әке екі жасар қызды аяусыз ұрған Фото: canva.com

Павлодар облысында жайсыз жағдай орын алды. Өңір тұрғыны бірге тұратын әйел жұмысқа кеткен уақытта оның қызын ұрып-соққан. Салдарынан бала ауыр жарақаттар алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Анасы мен қызы 16 қаңтар күні дәрігер көмегіне алғаш рет жүгінген. Облыстық балалар ауруханасына баласын әкелген анасы қызның күндік орындықтан құлап қалғанын айтқан. Дәрігер Сергей Самец баланы қарап, оны рентгенге жіберіпті. Сол кезде екі бұғанасы сынғаны анықталған. Одан бөлек, маңдайы көгеріп, ісіп кеткен. 

"Анасынан не болғанын сұрағанымда, басқа балалармен ойнаған кезде беті көгергенін айтты. Екі жастағы бала үшін бұл – қалыпты жағдай. Себебі олар осы жаста жүріп, аяғын нық баса алмай құлап қалуы мүмкін.Баланың өзі әлі сөйлей қоймағандықтан, нақты не болғанын да айта алмайды", - дейді дәрігер Сергей Самец. 

Ауруханада балаға гипс салып, амбулаторлық ем қабылдау үшін үйіне жібереді. Ал екінші күні анасы мен қызы қайтадан дәрігерлерден көмек сұрай келді. Бұл жолы ұрып-соғудан кейінгі жарақаттарды белгілеу үшін көмекке жүгінді. 

"Бұл жолы баланы басқа дәрігер қарады. Анасы оған баланы өгей әкесі ұрғанын айтқан екен. Жеке тәжірибеме сүйенсем, мұндай жарақатты екі жақтан қатты соққы алғанда не болмаса баланы лақтырып, содан құлағау салдарынан алуы мүмкін. Одан соң денсаулық толық қалпына келгенше кемінде үш апта керек", - дейді дәрігер. 

Аталмыш іске балалар құқығын қорғау жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова да араласты. Айтуынша, жәбірленуші тараппен кездесіп, тілдескен. Мәселені жеке бақылауына алды. 

Ал Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. 

"Адам денсаулығына қасақана зиян келтіргені үшін оған қатысты қылмыстық іс қозғалды", - делінген хабарламада. 

Енді ер адам екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу