Павлодарда Гагарин саябағында этноауыл өз жұмысын бастады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбековтың айтуынша, этноауыл "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін кеңінен дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған.
"Бүгін этноауылда 26 киіз үй құрылды, - деді басқарма басшысы. – Әр аудан екі киіз үйден әкелді. Этноауыл қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаз бойы жұмыс істейді. Жұмыс күндері аудандардан келген қолөнершілер мен кәсіпкерлердің ұлттық тағамдарымен танысып, сатып алуға мүмкіндік туады. Демалыс күндері сағат 15.00-ден 18.00-ге дейін түрлі мәдени бұқаралық және спорттық іс-шаралар өткізіледі".
Гагарин саябағының сахнасында облыс өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, облыс әкімі Болат Бақауовқа әр аудан киіз үйлерінің қасынан шағын концерттік бағдарлама ұсынып, қолөнер көрмелерімен таныстырды.
Астана қаласының "Қазанат" ипподромында өткен жылдан бері этноауыл іске қосылған. Маусым айының соңында Павлодар облысының өнер ұжымы Елордаға жол тартады.