Павлодарда 293 бизнес нысаны "Ashyq" жобасынан шеттетілді

739

Ал 6140 қызмет көрсету орны жүйеде жұмысын жалғастыруда. 

Павлодарда 293 бизнес нысаны "Ashyq" жобасынан шеттетілді

Кәсіпкерлердің мәлімдеуінше, демалыс күндері "көк" түсті мәртебесі бар келушілерге ғимаратқа кіруге тыйым салынуы табыстан қағып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар қаласындағы "Галерея" рестобары қызметкерлері әр үшінші келушінің мәртебесі "көк" түсті болатынын айтты.

"Жаңа қаулыға сәйкес, демалыс және мереке күндері "жасыл" мәртебесі бар тұрғындардың ғана қоғамдық мекемелерге кіруне қатысты талаптың енгізілуі бізге де, келушілерге де қолайсыздық тудырып отыр. Кейде қыз бен жігіт келеді де, бірінің мәртебесі "жасыл", екіншісінікі "көк" болады. Сол сияқты кешкі асқа келетін 4-5 адамның мәртебелері әр түрлі шығады. Сондықтан олардың бәрі теріс айналып кетеді де біз клиентсіз қаламыз", - дейді қызметкерлер.

"Арман" сауда үйінің өкілі Вера Соболеваның сөзіне қарағанда, "көк" түсті мәртебе көп жағдайда 40-50 жас шамасындағы сатып алушылар арасында кездеседі. Ал жастар мен егде тартқандардың мәртебесі әдетте "жасыл" болады.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Мүбәрак Жақыпов бүгінде облыс аумағында 6140 нысанда "Ashyq" жобасы орнатылғанын хабарлады.

"4-17 тамыз аралығындағы жүктеменің нәтижесі бойынша аймақтағы 293 бизнес нысанына келушілер QR-код арқылы мүлде өтпеген. Яғни, кодтар ілулі тұрғанмен, тұрғындардың олардан өтуін ешкім қадағаламаған. Сондықтан бұл мекемелер жобадан шеттетілді", - деді Мүбәрак Жақыпов.

 "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы демалыс күндері жұмыс істеу және жұмыс режимін арттыру мақсатында QR-кодтарды алған бизнестің барлық субъектілерін осы кодтарды қолдануға шақырады. Сонымен қатар, жүйелі түрде рейдтік шаралар жүргізіп, келушілердің кодтарды сканерлеуін бақылайды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу