Павлодарда бір отбасының 4 баласы көміртегі тотығымен уланып, ауруханаға түсті, деп жазады inbusiness.kz pavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап.
Дәрігерлердің сөзінше, 19 ақпан күні сағат 08.54-те жедел жәрдем қызметіне шақырту түсті. Жеке үйде 15, 11, 5 және 2 жастағы төрт бала көміртегі тотығымен уланған.
"Олардың бәрі ауырлығы орташа дәрежедегі улы газдың уытты әсері диагнозымен облыстық балалар ауруханасының соматикалық бөлімшесіне жатқызылды", – деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасы.
Мамандар балалардың ауруханаға 32 жастағы анасының да жедел жәрдем арқылы жеткізілгенін және оның да ыстан уланғанын айтты. Балалардың анасының айтуынша, пештің ақауы салдарынан үйде түтін пайда болған.