Павлодарда 52 млн теңгеге орнатылған шырша желге қарсы тұра алмады

Орталық алаңдағы жаңа жылдың нышаны құлап түсті.

Павлодарда 52 млн теңгеге орнатылған шырша желге қарсы тұра алмады Фото: pavon.kz

Бүгін Павлодар облысында жел күшейіп, күн күрт бұзылды. Салдарынан инженерлік желілер үзіліп, кейбір елді мекендер жарықсыз қалды. Ал облыс орталығындағы су жаңа шырша бірден құлап түсті, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Өткен жылдың 22 желтоқсанында салтанатты түрде шамдары жағылған жаңа шыршаны Павлодар қаласының әкімдігі 52 млн теңгеге сатып алған еді. Жергілікті билік бұрынғы шыршаның әбден ескіріп, оны орнатуда қиындықтар туындай бастағанын алға тартты. Мұндай қомақты соманың бөлінуі кейбір қала тұрғындарына ұнай қоймады. Олар бұл туралы әлеуметтік желіде ашық жазған еді.

Ал бірнеше күн бұрын тұрғындар шыршаның қисайып тұрған суреттерін жариялап, алаңдаушылық білдірген еді. Алайда жауапты мамандар міз бақпады.

Бүгін кешке жаңа жылдық шырша қатты желге шыдас бермей, құлап кетті. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

“Қатты желдің салдарынан орталық алаңдағы шырша құлады. Қала әкімі Хасар Хабылбеков бірден алаңға барды. Қазір тиісті қызметкерлер қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда”,-деп мәлімдеді қалалық әкімдік өкілдері.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар қаласында 53 млн теңгеге салынған мұз қалашығына қатысты да дау туындаған еді. Небары бес күннің ішінде мұздан жасалған лабиринттің кей бөліктері еріп, су болып ағып кетті.

Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жаңа жылға осындай қыруар қаржының жұмсалуы қаншалықты қисынды екенін тексеруге кірісті.

Видеодан скриншот

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу