Павлодарда 6-сынып оқушысы екі баланы пышақтап тастады

798

Зардап шеккен балалардың жағдайы қалай?

Павлодарда 6-сынып оқушысы екі баланы пышақтап тастады Фото: divan.ru

Полиция қылмыстық іс қозғаған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі Pavlodarnews басылымына сілтеме жасап.

Бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкіл Сәуле Шакеневаның айтуынша, оқиға 11 қыркүйек түстен кейін дүкеннің жанында болған.

Алтыншы сынып оқушысы екі құрдасын жиналмалы пышақпен жарақаттаған.

Олар бұл туралы ешкімге айтпай, сабаққа қатыспастан үйге кеткен. Кейін екеуі де дәрігерге жүгінуге мәжбүр болыпты.

– Бір баланың сол жақ жамбасында пышақпен кесілген жарақат, екіншісінде сол жақ жамбаста соғылған жара болды. Медициналық көмек көрсеткеннен кейін оқушылар амбулаториялық емдеуге жіберілді, – деп нақтылады Денсаулық сақтау басқармасы.

Келесі күні жәбір көрген балалардың ата-анасы мектеп әкімшілігіне хабарлаған, олар өз кезегінде білім бөлімі мен полицияны құлағдар еткен.

Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалмағанын жеткізді, өйткені оқушы әлі 14 жасқа толмаған. Оның іс-әрекетіне ата-анасы жауапты.

– Күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартатын жасқа жеткен жоқ. Осыған байланысты аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалмады. Заңды өкіл баланы тәрбиелеу, құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп түсіндірді.

Сәуле Шакенева зардап шеккен оқушылар сабаққа қайта оралғанын, олардың денсаулығына ешқандай қауіп жоқ екенін айтты.

Пышақтаған оқушы енді үйде оқиды. Мұндай шешім кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғау комиссиясының кезектен тыс отырысында қабылданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу