Павлодарда 7,8 млрд теңгелік мемлекеттік конкурстың жеңімпазы анықталды

Өңірдегі шыбын-шіркейді улайтын компания белгілі болды. 

Павлодарда 7,8 млрд теңгелік мемлекеттік конкурстың жеңімпазы анықталды Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысында қансорғыштардың санын азайтуға бағытталған дезинсекциялық жұмыстарды уақытылы өткізу маңызды. Ол үшін мердігерлерді де күн бұрын анықтап алу керек. Әйтпегенде, қолын мезгілінен кеш сермеп, салдарынан тұрғындар жаз бойы "масаға" талануы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Бұған дейін, өңірде дезинсекциялық шараларды жүргізетін мердігер тек бір жылға анықталатын. Көктемнен жаздың ортасына дейін шыбын-шіркей дернәсілдерін улайтын мұндай кәсіпорындар бір маусым ғана еңбек ететіндіктен, олардың жұмыс нәтижесі онша-мұнша байқала қойған жоқ. Сондықтан, 2021 жылы мердігерді үшжылдық мерзіммен анықтау тәжірибесі енгізілді. Яғни, мемлекеттік конкурс бірден үш жыл аралығындағы жұмысты атқаруға жарияланады. Жергілікті билік сол арқылы жұмыс тиімді бола түседі деп пайымдады. Оған қоса, жыл сайын мемлекеттік конкурс ұйымдастырудың қажеті болмайды.

2021 жылы жарияланған, жалпы сомасы 1,5 млрд теңге болатын конкурсты "QSM Engineering"  ЖШС жеңіп алып, бас мердігер ретінде іске кірісті. Аталмыш компанияның жұмысын жоққа шығаруға келмес. Соңғы бір-екі жыл дересінде шыбын-шіркейдің саны едәуір азайып, жазғы уақытта жұрттың "көзі ашылды". Биылғы көрсеткіштер те дезинсекциялық жұмыстардың тиімділігі 90% болғанын көрсетті.

Биыл бұл компаниямен жасалған келісімшарт мерзімі аяқталды. Енді алдағы үш жылда қансорғыштарды улайтын мердігерді анықтау керек. Ол үшін жергілікті жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы қарашада мемлекеттік конкурс жариялады. Нәтижесінде астаналық "В и К ЛТД" ЖШС жеңімпаз атанды. Дезинсекциялық шараларды атқаруға барлығы 7,8 млрд теңге бөлінген-ді.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, жаңа мердігер 127 мың гектар жайылма аумағын өңдеуге тиіс. Оның ішінде Павлодар, Ақсу қалаларының, Ақтоғай, Тереңкөл аудандарының және бұған дейін өңделмеген Павлодар, Ертіс аудандарының жайылмасы бар. Сол сияқты 100 мың гектар аумақ авиа өңдеуден өтеді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге көп.

Жергілікті билік аталған жұмыстардың барлығы кемінде 80% көлемінде тиімділік көрсеткен жағдайда ғана тиісті қаржы аударылатынын ескертті. Тиімділік онда аз болса, мердігер өз қаржысы есебінен қайта өңдеу жүргізуге міндеттеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу