Павлодарлық ағайындылар ер азаматтың мойнына гир тасын байлап, өзенге батырып жіберген

Ауыр қылмысқа қатысты шешім екі жылдан соң шығарылды.  

Павлодарлық ағайындылар ер азаматтың мойнына гир тасын байлап, өзенге батырып жіберген Фото: 1obl.ru

Осыдан екі жыл бұрын ауылдағы үйін сатқан тұрғын сол баспананы сатып алушылардың қолынан қайтыс болды. Ағайындылар ақша төлемес үшін ауыр қылмысқа барған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Белгілі болғандай, 2022 жылдың 19 қарашасында екі ағайынды өзара келісіп алып, сатып алған үйінің ақшасын бермеу үшін жәбірленушіні ауыл сыртына алып шыққан. Железин ауданы Пятерыжск ауылы маңындағы өзеннен өтетін жолдың маңында ер адамның қолын байлап, аяғына 16 келілік гір тасын іліп, суға батырған. Ол кезде жәбірленуші тірі болған. Сонымен қатар, ағайындының бірінің үйінен тапанша мен әскери оқтар табылды. 

Павлодар облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, К.А. және К.Д. есімді ағайынды жәбірленуші Ж.-дан алған үйдің ақысын төлемеуді ұйғарып, алдын ала сөз байласып, пайдакүнемдік ниетпен адам өлтірген. Сонымен қатар, заңсыз оқ-дәрілерді иемденіп, оларды сақтаған. Сот істі аталған баптар бойынша қарады. 

"Оң мінездемесі, асырауында кішкентай балаларының болуы есебінен және жазаны ауырлататынмән жайларды болмауынан сот заңға сәйкес максималды мерзімнің төрттен үш бөлігін жаза ретінде белгіледі", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. 

Сөйтіп, ағайындылардың бірі 16 жылға, бірі 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірше заңды күшіне енген жоқ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу