Павлодар облысында бір үйдің екі баласы зорланған

Күдікті ретінде 2 ер адам ұсталған. 

Павлодар облысында бір үйдің екі баласы зорланған Фото: Витьбичи

Жантүршігерлік оқиғаны облыстық білім басқармасы да растады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оқиға Майқайың кентінде болған. 13 және 15 жастағы қыз бен ер баланы зорлады деген күдікпен 2 ер адам уақытша қамалып отыр.

– Баянауыл ауданында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді зорлау оқиғасы тіркелді. Майқайыңда тұратын ағалы-қарындас балаларға қатысты педофилдік әрекет жасалған. Жыныстық зорлық-зомбылық жасау дерегі бойынша екі ер адам ұсталып, қамалды. Зардап шегушілерге барлық көмек, соның ішінде психологтар көмегі көрсетіліп жатыр, – деп хабарлады өңірлік балалар омбудсмені Сәуле Шәкенова.

Павлодар облыстық білім басқармасы аталған деректі растаған. Облыстық прокуратура Баянауыл ауданында балаларға зорлық-зомбылық көрсету дерегінің артқанын айтты.

– 21 қарашада кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың өсуіне байланысты Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары Ержан Дюсекеновтың төрағалығымен Майқайың кентінде көшпелі жедел кеңес өткізілді. Оған облыс әкімінің орынбасары, полиция департаменті басшысының орынбасары, Баянауыл ауданы полиция бөлімінің жеке құрамы, білім беру және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, сондай-ақ аудан колледждері мен мектептерінің директорлары қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша уәкілетті органдардың жұмысындағы жүйелі кемшіліктер анықталып, жекелеген қызметкерлерге қатысты қызметтік тексерулер басталды. Криминогендік ахуалды жақсарту мақсатында полиция қызметкерлеріне, білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне нақты міндеттер қойылды. Оларды орындауға бүгіннен бастап кірісті, – дейді жауапты органның баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу