Павлодар облысында небары бір апта аралығында екі бірдей алаяқтық дерегі анықталып, оңай олжа табуды қалағандардың қитұрқы әрекеттері әшкереленді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Екі жағдайда да пысықай әйелдердің өзгелердің есебінен "қанжығасын майлауды" қалаған. Айталық, Екібастұз қаласының тұрғыны 2020 жылдың соңында бәріне белгілі WhatsApp мессенджерінде "ЛайвСтайлер", "Карлыгаш", "Умножайка", "Шанс" деген атаулармен топтар құрып, оған таныстарын қосып, түрлі табысты жобаға ақша салуға шақырған. Түптеп келгенде, оның барлығы қаржылық пирамида болып шыққан. Ал жаңа адамдарды тарту арқылы бұған дейін қаржы салғандарға дивиденд ретінде азын-аулақ ақша аударып отырған. Қалғанын өзінің бас пайдасына жұмсаған.
"Табысты еселеу туралы уәдеге иланған жәбірленушілердің бірі "ЛайвСтайлер" тобына қосылып, 2021 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында алаяқтың, оның кәмелеттік жасқа толмаған ұлы мен жолдасының шоттарына 14 млн теңге жіберген. Алаяқ адал қызметтің кейпін танытып, кейін 8,5 млн теңгені қайтарып берген. Қалған 5 млн теңгеден астам соманы өз қалтасына басқан", – деп хабарлайды Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.
Екібастұздық әйел осындай әрекеті арқылы 23 қазақстандықты арбауына түсіріп, олардың 26 млн теңгесін қолды еткен. Сот жәбірленушілерге қарызды толық көлемде қайтаруға міндеттеп, алаяқтың кішкентай баласы бары ескеріліп, төрт жыл бас бостандығын шектеу жазасын белгіледі.
Сол сияқты павлодарлық әйел "Автолюкс" қаржылық ұйымын құрған. Небары үш ай аралығында оған 150-ден астам адамды тартқан. Өз кезегінде ұйымға қатысушылар 100 млн теңгеден астам сома салған. Зардап шеккендердің қатарында Павлодар, Алматы, Ақтөбе, басқа да облыс тұрғындары бар.
"Күдікті интернет-дүкен платформасында жұмыс істей отырып, тауарларды бөліп төлеу арқылы алуды ұсынған. Ол үшін әр 10 күн сайын 5-15% аралығында сыйақы беріліп отыратынына да сендірген. Бұған алданған салымшылар алмаған тауардың несиесін төлеп келген. Ал күдікті түскен қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып, оны қымбат ойын-сауық түрлеріне жұмсаған", – деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.
Атап айтқанда, заңсыз жолмен келген қаржыға Біріккен Араб Әмірліктері, Таиландта демалып, Mercedes Benz, Toyota Camry көліктерін сатып алған. Қазіргі уақытта күдікті үйқамаққа алынды.