Павлодарда телефон алаяқтарының құрбаны болған 2 зейнеткер банк бөлімшесінде петарда жағып, жеңіл жарақат алды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға туралы хабарлама банк бөлімшесінде пиротехникалық бұйымның жарылғанынан кейін түскен.
Белгілі болғандай, олар бұған дейін жалған инвестициялық жобаларға ақша салып, қаржысынан айырылған. Кейін алаяқтар қайта хабарласып, бұрын жоғалтқан қаражатты қайтарып береміз деп сендірген. Психологиялық қысым көрсеткен күдіктілер зейнеткерлерді торт пен петарда сатып алуға көндірген.
Алаяқтардың нұсқауына сенген зейнеткерлер торттың ішіне жасырылған петарданы банк ішінде тұтатқан.
Аталған дерек бойынша полиция бірнеше қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция бұған дейін алаяқтардың құрбаны болған азаматтарға қайта хабарласып, ақшаңызды қайтарамыз, өтемақы немесе ұтыс береміз деп алдайтынын ескертіп, мұндай ұсыныстарға сенбеуге шақырды.