Павлодарда алғаш рет автокөлікке арналған алюминий дискілері шығарылды

989

Павлодарда алғаш рет автокөлікке арналған алюминий дискілері шығарылды

Павлодарда қоспалы алюминийді шығаратын "Giessenhaus" ЖШС базасында жұмыс жасайтын "K&K" кәсіпорнында автокөліктерге арналған алғашқы дискілер шығарылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Жеңіл балқымалы автокөлік дискілерін "қанатты металлдан" жасап шығаруды "КиК Павлодар" ЖШС қолға алды. Бұл кәсіпорынның құрылтайшысы - ресейлік "K&K" компаниясы.  2020 жылға дейін жүзеге асырылуы жоспарланған жобаның инвестициясы 6,7 миллиард теңгені құрады.

"Бүгін тек Павлодарда емес, барлық Қазақстанда алюминий дискілерін жасау басталды. Аймағымызда қоспалы алюминийді жылына 36 мың тонна көлемінде шығарса, ол бізге жеткіліксіз болады. Жуық арада бізде алюминийдің басқа өнімі шығарылады", - деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Жаңа кәсіпорын "Павлодар" экономикалық аймағының "Giessenhaus" ЖШС базасында ашылды. Зауытта жылына бір миллионға дейін диск шығару жоспарда бар. Оның бір бөлігі алыс-жақын шет елдерге экспортталады.

"Павлодарда Ресейге қарағанда өнім арзан болады деген ойдамыз, - дейді "K&K" бас директоры Сергей Мельников. - Қазір бізде төрт қоспалы машина жұмыс істейді, келер жылдың қаңтарында тағы екеуі іске қосылады. Сонымен қатар, өз қажеттіліктеріміз үшін біз жеке корпус салудамыз. Шығарылған дискілер белгілі бір уақыт аралығында Ресейге тегістеу үшін жіберіліп, кері қайтады. Алайда, көп ұзамай инвесторлар мұның бәрін экономикалық аймақта істейміз деп сендіруде. Зауыт кеңейтілген соң 200 адамға жұмыс орны ашылады".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу