"Құлагер" ипподромында ұйымдастырылған XIV республикалық жастар чемпионатына еліміздің 12 облысынан жас саятшылар жиналды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл – биыл құсбегілер арасында өтіп жатқан алғашқы жарыс. Сайыстың бұл түрі бойынша еліміздің бас төрешісі Дулат Маратұлы жастар бүркіт салу, қаршыға салу және ителгі ұшыру сайыстары бойынша сынға түскенін айтты. Барлығы 40 бүркіт, 15 қаршыға пен 8 ителгі өзара кім мықтыны анықтады.
Жарысқа қатысқан 18 жасар баянауылдық Қыдыр Батан құсбегілікті әкесі мен ағасынан үйреніпті.
"Әкем бүркіт баптауды жақсы біледі. Ағам болса, құсбегіліктен еліміздің спорт шебері. Бұған дейін аягөз, Нұр-Сұлтан қаласында өткен сайыстарда бақ сынадық. Бүгін бір жасар бүркітті бәйгеге қостым. Оны бір-бір жарым ай аралығында баптап, күн сайын ұшырдық", – дейді Қыдыр Батан.
Республикалық "Қыран" федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызының сөзінше, қазір елімізде 200-ге жуық құсбегі бар. Олардың басым бөлігі бүркіттен бастап, кейін қаршыға, қырғи, ителгі сынды құстарды да баптайды. Соңғы уақытта ұлттық спорт мектептері жанынан бүркітшілерді дайындайтын бөлімдер ашылып, жастар бұл өнердің қыр-сырын меңгеруде.
Сайыс қорытындысы бойынша Түркістан, жамбыл, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының жастары озық атанды. Чемпионаттың басты бәсекесі – бүркітшілік сайысында павлодарлық Шәміл Жексенбав бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды.
Ажар Дәулетова