Павлодарлық алғашқы 33 ерікті арнайы әскери жиындарға жазылды. Олар облыс орталығындағы қоғамдық орындарды дезинфекциялаумен, сондай-ақ нысандарды күзетумен айналысатын болады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Арнайы жиындар – төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жою мақсатында өткізілетін әскери жиындардың түрі. Осындай жиындарға әртүрлі әскери-есептік мамандығы бар 50 жасқа дейінгі облыс орталығының 100 әскери міндетті тұрғыны, соның ішінде жүргізуші-операторлар, химиктер, дәрігерлер шақырылады. Заңға сәйкес олар үш ай мерзімге шақырылады", – деп түсіндірді Павлодар қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Асхат Кнышбаев.
Асхат Кнышбаевтың ақпараты бойынша, қызмет таңғы 8-де басталады. Бұл жерде казармалық жағдай болмауы мүмкін және кешке олар үйге жіберілетін болады.
"Бүгін-ертең медициналық куәландырудан, іріктеу комиссиясынан өткіземіз, себебі босатуға құқығы бар әскери міндеттілер бар. Сонымен қатар, әскери комиссариатқа өз еркімен келгендер де бар",– дейді спикер.
Олар 33 адам болды. Олардың барлығы ҚР Қарулы Күштері қатарында әскери қызметтен өтті.
Еске сала кетейік, ҚР Президенті әскери міндеттілерді ҚР Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін арнайы жиындарға шақыру туралы Жарлыққа қол қойды.