Осы уақытқа дейін өңірдің 317 668 тұрғыны екпенің екі компонентін де қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Ерғалы Асылбектің айтуынша, өңірде ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін барлығы 450 412 адам вакцинаны толығымен алуы керек. Демек тағы 142 744 тұрғын екпенің екі компонентін қабылдауы қажет.
"Бүгінде күніне 600-ге жуық адам коронавирусқа қарсы вакцина салдыруда. Жеткіншектерге, жүкті және жақында босанған әйелдерге екпе алуға рұқсат берілгендіктен, белсенділік артады деген сенім мол", – дейді Ерғалы Асылбек.
Павлодар облысына қараша айының ортасында жеткен "Comirnaty" ("Pfizer") вакцинасын барлығы 1 726 адам қабылдады. Олардың ішінде 1 155 жасөспірім, 61 жүкті әйел мен бала емізетін 510 әйел бар. Сонымен қатар осы уақытқа дейін 654 ревакциналаудан өтті.
Қазіргі уақытта егу кабинеттерінде "Спутник V", "QazVac", "Vero Cell" және "Comirnaty" препараттары бар.
Ажар Дәулетова