Павлодарда алимент қарызы бар 279 адам букмекерлік кеңсеге кірген

257

Құмар ойынға жұмсалған қаражат көлемі 600 млн теңгеден асқан.  

Павлодарда алимент қарызы бар 279 адам букмекерлік кеңсеге кірген Фото: ЖИ

Павлодар облысының прокуратурасы OLIMPBET букмекерлік кеңсесінің қызметін тексеру барысында алимент бойынша берешегі бар тұлғалардың құмар ойындарға заңсыз қатысқанын анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Прокуратура мәліметінше, Қазақстан Республикасының "Ойын бизнесі туралы" Заңының талаптарын бұза отырып, 279 алимент борышкері ойын шоттарын кедергісіз толықтырып, құмар ойындарға қатысқан.

Олар ойын шоттарына жалпы сомасы 600 млн теңгеден астам қаражат салған. Ал ойыннан шығарылған қаражат көлемі 415 млн теңгеден асқан. Анықталған борышкерлердің 97-сі алимент төлеуден қасақана жалтарған.

Осы заң бұзушылықтарға байланысты облыс прокуратурасы Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді.

Актіні қарау нәтижесінде уәкілетті орган букмекерлік кеңселерді Бірыңғай есепке алу жүйесіне (БЕЖ) қосу бойынша шаралар қабылдады. Жүйе қабылданған бәстер мен төленген ұтыстарды автоматты түрде есепке алуға, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар борышкерлерді анықтап, олардың құмар ойындарға қатысуын бұғаттауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта БЕЖ-мен интеграция жеті букмекерлік кеңседе, оның ішінде OLIMPBET компаниясында толық аяқталған. Тағы 10 букмекерлік кеңсе тиісті келісімдерге қол қойған.

Қабылданған шаралар заңмен тыйым салынған тұлғалардың құмар ойындарға қатысуына жол бермеуге, букмекерлік кеңселердің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейтуге және алимент өндіру туралы сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу