Павлодарда алименттен жалтарған әкелер сотталды

Тағы бірнеше қылмыстық іс қаралып жатыр.

Павлодарда алименттен жалтарған әкелер сотталды Фото: bizmedia.kz

Өкінішке қарай, соңғы кезде ата-аналардың алименттен жалтаруы жиілеп кетті. Баласы алдындағы міндет пен жауапкершілікті орындамай жүрген олардың кейбірі бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескере бермейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Айталық, жыл басынан бері Павлодар облысында қасақана алимент төлемеген төрт адамға қатысты сот шешімі шықты. Олардың барлығы Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша сотталды. Яғни, бір жылға бас бостандығы шектеліп, 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылатын болды. 

Павлодар облыстық прокуратура өкілдерінің мәліметінше, сотталғандардың бірі  үш жыл бойы төлемнен жалтарып, табысын жасырып келген. Сөйтіп, кәмелеттік жасқа толмаған үш баласына 2,2 млн теңге қарыз болып қалған. Бірақ берешекті қайтаруға асықпаған. Енді бір тұрғын баласы алдында 4 млн теңгеден астам берешегі болғанына қарамастан, алты жылдан астам уақыт бойы алимент төлемеген. Жұмысқа орналасу мүмкіндігі болса да әдейі еңбек етпегені де анықталды. Қазіргі уақытта алиментке қатысты тағы жеті қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының өндірісінде қарастырылып жатыр. 

"Прокуратура органдары сот шешімдерінің орындалуын жүйелі түрде қамтамасыз етуде. Бұл ретте балалардың құқықтарын қорғауға қатысты алимент өндіру істеріне баса мән беріледі. Борышкерлерге нақты жауапкершілік шаралары – шетелге шығуға шектеу қою, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту, цифрлық іздестіру қолданылады", – деп хабарлады прокуратура. 

Айта кетейік, өткен жылы өңірде 270 борышкер анықталып, үйлестірілген қызмет нәтижесінде балаларға 4,2 млрд теңге сомасында алимент өндіріліп, мемлекет кірісіне 1,2 млрд теңге түскен еді. Тағы 280 адам жұмысқа орналастырылып, олардың төлем қабілеттілігі артты. Ал 380-нен астам борышкер әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу