Павлодар облысындағы соттардың бірінде ерекше жағдай қаралды. Сот сиырдың шұңқырға құлап кетуінде кімнің кінәсі бар екенін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Келеңсіз жайт 2023 жылдың қазан айында болған. Сол күні елді мекендердің бірінде Н. есімді азаматтың сиыры кешкі уақытта М. есімді тұрғын су тарту үшін қазып қойған траншеяға құлап кеткен. Иесі ірі қарасының "өліміне" ауылдасын кінәлап, одан жарты миллион теңгеге жуық сома көлемінде өтемақы талап етті. Себебі ол траншея аумағын қоршамаған, қандай да бір ескерту белгілерін орнатпаған көрінеді.
Жауап беруші тарап болса, сиырдың шұңқырға құлап кетуіне өзі емес, оның иесімен жасалған келісім бойынша малды баққан адам кінәлі екенін алға тартты. Оған қоса, ірі қараны кешкі уақытта үй маңында заңсыз баққан.
"Сот сиыр жауап беруші М. үй жанынан су тарту үшін қазған траншеялық шұңқырға құлап кеткенін анықтады. Бұған қатысты жауап беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Павлодар облысында ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың ережесіне сәйкес, табиғи-климаттық аймаққа байланысты төрт түлікті кешкі және түнгі уақытта сол үшін арнайы бөлінген жайылымдарда ғана жаюға болады. Оларды ортақ мақсатта пайдаланылатын жерлерде жаюға болмайды. Сондықтан бұл жерде арыз беруші тарап та малды жаю тәртібін бұзған", – делінген азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.
Сол себепті, шағым түсірушінің де қателігі бар екені ескеріліп, жауап берушінің кінәсі деңгейін азайтып, оны арызданушыға өтемақы ретінде 245 мың теңге төлеуді міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енді.