Павлодарда арамен емдеу қолға алынды

1951

Апитерапия орталығы араларды адамның бойына жіберу арқылы буын ауруларын емдеп, қандағы қант деңгейін төмендетуді көздейді.

Павлодарда арамен емдеу қолға алынды

Емдеудің мұндай түрі апитерапия деп аталады.  "Мед Прииртышья" АӨК төрағасы Сергей Трофимовтың айтуынша, мұндай әдіс бұрын-соңды Павлодар өңірінде қолданылған емес.

"Менің білуімше, елімізде тек Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында апитерапия орталықтары жұмыс істейді. Оның пайдасы зор екенін білген соң, дәл осындай орталықты облыста ашуды жөн санадық. Сөйтіп, медицина қызметкерін республикалық "Бал-Ара" ұлттық ауыл шаруашылығы-өндірістік кооперативінде арнайы оқытуға жібердік. Нәтижесінде үш жылға жарамды сертификат берілді", – дейді Сергей Трофимов.

Араның шағуы арқылы емдеу әдісі 15 жастан асқан балалар мен ересектерге қолданылады. Апитерапиядан өту үшін алдымен бірқатар талдама тапсыру қажет. Соның қорытындысы бойынша аталмыш әдісті қолдануға болар-болмасы анықталады. Бірінші емдік курс 12 күнге жалғасып, оның кезінде аралар 54 рет шағады. Ал екінші емдеу курсы 1, 5-2 айға созылып, аралар 150-200 рет шағады.

"Дәрігер науқастың денесінен бірнеше нүкте тауып, сол жерлерге араны жібереді. Араның шағуы арқылы варикоз, простатит, хондроз, артериалдық қысым сияқты ауруларды емдеп, қан құрамындағы қант деңгейін төмендетуге, буын ауруларынан айықтыруға болады. Орталықтың ашылғанына аз ғана уақыт болғанына қарамастан тұрғындар тарапынан зор сұраныс бар", – дейді кооператив басшысы.

Айта кетелік, "Мед Прииртышья" АӨК өткен жылдың қараша айында құрылды. Оның құрамына 20 омарташы кіреді. Бүгінде аталмыш кооперативте араның 500 үйірі бар. Бір маусымда аралардан орта есеппен 50 тонна бал алады.

"Қазіргі уақытта өнімді нарыққа шығарудың түрлі амалдарын қарастырып жатырмыз. Корея, Қытай және Израиль мемлекеттеріне экспорттаудың амалдары жасалуда. Ішкі нарықтан бөлек сыртта да тұрақты орын тапсақ, аралар үйірін 2 мыңға, ал экспорттауға арналған өнім көлемін 200 тоннаға дейін жеткізетін қауқарымыз бар", – дейді Сергей Трофимов.

Сонымен қатар, осы жылдың наурыз айында дәл осы кооператив еліміздегі алғашқы ара шаруашылығы музейін ашты. Мұнда ара шаруашылығының аймақта қалыптасуы мен дамуы туралы мол мағлұмат жиналған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу