Павлодарда "Ата-ана – ұлттың ұясы" атты ата-аналар форумы өтті

1325

20 қараша күні Павлодар қаласында "Ата-ана – ұлттың ұясы" атты аймақтық ата-аналар форумы өтті.  

Павлодарда "Ата-ана – ұлттың ұясы" атты ата-аналар форумы өтті

Баланың кемел адам болып қалыптасуында ата-ана рөлінің маңыздылығына назар аударту және педагог мәртебесін насихаттау мақсатын көздеген форумның ашылу салтанатында ҚР Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт zoom арқылы байланысқа шықты.

"Баланың бас ұстазы – ең бірінші кезекте ата-ана. Бала ата-анасын, ата-ана баласын танымайынша іс алға баспайтыны анық. Баланың сырын да, мұңын да ата-анасынан артық ешкім біле бермейді. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-аналар мен ұстаздар бірлігі қажет-ақ. Ата-ана мұғалімге көмекші, сенімді тірек болса, мұғалім де сондай болуы керек. Екі жақты байланыс нығайғанда ғана барлық күрделі мәселелердің түйіні шешіледі", – деді ол.

Сенат депутаты жалпы бала тәрбиесінде туындаған мәселелерді шешу жолында  мемлекет тарапынан психологтардың көмегін де ұсыну қарастырылып жатқанын айтты. Бұл бүгінгі пандемиялық ахуалдан кейінгі балаға қажет екенін Сессияның алғашқы отырысында үкіметке ұсыныс тастап, жолдағанын жеткізді.

"Біз бала тәрбиесінде команда болып жұмыс жасауымыз керек. Баланы ұжыммен дайындайтын болсақ, біздің балаларымыз міндетті тұрде Қазақстанның болашағын өркендететін Отанына адал, білімді ұрпақ болатыны сөзсіз", – деді Дана Нұржігіт.

Пленарлық отырыста бірлестіктің төрағасы Ғалымбек Бермағанбетов кездесуге модераторлық етті. Сонымен қатар алқалы жиында бірлестіктің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов, Павлодар педагогикалық университеті Жоғары педагогика мектебінің ғылым және интернационалдандыру бойынша вице-деканы Алтынай Мұрзатаева, "Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия" директоры Салтанат Шабажанова сөз сөйлеп, бала тәрбиесі жайлы ұсыныстарын ортаға салды.

Пленарлық жиыннан кейін форум түрлі тақырыптағы семинар-тренингтермен жалғасты. Бала тәрбиесі саласындағы отбасылық коуч, гуманды педагог, Асхат Абжанов, отбасы маманы, педагог-коуч Ғалымбек Бермағанбетов, педагог-профориентолог Нариман Утеубаев секілді мамандардың тәжірибесі форумға келгендердің көңілінен шықты. Шараға тек Павлодар қаласының тұрғындары емес, Солтүстңк Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстары және Нұр-Сұлтан қаласының да ата-аналары қатысып, құнды ақпараттар алды.

Шара соңында қатысушылар аталмыш форумнан өте жақсы әсер алғандарымен бөлісіп, алғыс білдірді. Бірі бүгінге дейін бала тәрбиесінде дұрыс бағыт ұстанғаныма көз жеткіздім десе, енді бірі баламен қарым-қатынаста басқа тәсіл керек екенін түсіндім деген пікірлерімен бөлісті. Семинар-тренингте мамандардың қозғаған тақырыптары ата-аналар үшін қызықты әрі пайдалы болғаны соншалық, кейбір қатысушылар көз жасына ерік беріп жатты.

"Бүгінгі форумда айтылғандар қоғамда орын алған және ең өзекті мәселелер. Қоғаммен бірлесіп әрекет етсек, өзіміз үшін де, еліміз үшін де пайдасы зор боларына сенімдімін. Өзім үшін түйген нәрсе көп. Бүгінде баланың санасы сергек болуы үшін ата-ана тәрбие бағытын материалдық ортамен шектемей, рухани бағытқа да бұрғаны жөн. Бұдан бөлек, баламен жиі сөйлесіп, құрбысындай ойын ашық айтуға үйрету керек. Бірақ әр баланың әңгімесін тыңдап, оған ақылын айтып отыруға ата-аналар уақыт таба бермейді. Міне осы қателікті жөндеуіміз керек", – деді шараға қатысушы ата-ана Салтанат Құлжанова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу