Биыл Павлодарда әуежай аумағында бірыңғай сәулет үлгісіндегі 70 коттедж бой көтереді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық құрылыс жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Раисов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім етті.
"Мұнда алдымен электр жарығын тартатын боламыз. Ол үшін шамамен 400 млн теңге қажет. Құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр. Кеше оны ҚР Ұлттық экономика министрлігіне жібердік. Егер құжат министрлік тарапынан мақұлданып, қаражат бөлінсе, электр желілерін тарту жұмыстарын бастаймыз. Ал, коттедж құрылысын жекеменшік фирмалар салады. Сондықтан оған қанша қаражат салатынын айта алмаймын", – дейді Рүстем Раисов.
Айта кетерлігі, үйдің алаңы шамамен 100-200 шаршы метрді қамтиды. Барлығы бірыңғай сәулет үлгісімен салынып болғаннан кейін саудаға шығарылады. Сатып алушылар үшін үйдің шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайды деп күтілуде. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандар мен "Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банк" АҚ-ның салымшыларына да үлестіріледі.