Павлодарда ауланы абаттандыруға арналған жоба жүзеге аспай қалды

475

Халықтың қатысуымен жасалған жобалар сол күйі аяқсыз қалған.

Павлодарда ауланы абаттандыруға арналған жоба жүзеге аспай қалды

Павлодарда қыруар қаржы жұмсалған "Халықтың қатысуындағы бюджет" жобасы ақыры жүзеге аспады. Оған қатысқан тұрғындардың күткеніне төрт жылдың жүзі болды. Нәтиже жоқ.

Халықтың қатысуымен жасалған жобалар сол күйі аяқсыз қалған. Ақшасы да сұраусыз. Ал, биыл Павлодар қаласында 150 аула жаңартылады деген. Ол да созбақталып барады.

Екінші Павлодар мөлтек ауданындағы Мүткенов көшесінің тұрғындары ойын алаңын күткендеріне төрт жылдың жүзі болды. "Халықтың қатысуымен бюджет" жобасына тұрғындар өздері қатысып, ауланың қандай боларын сызып берген. Содан бері әлі жоқ.

"Біз "Бюджет народного участиеге" қатысып, осы жобаны жасаған болатынбыз. Одан кейін, міне, төрт жыл күттік. Төрт жылдың ішінде осы кішкентай алаң құрылды. Бірақ та сонымен қатар футбол алаңын қоятын болатын, деп айтылды", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Қанат Тезекбаев.

Төрт жыл бұрын Павлодарда осы идея ұсынылғанда бір жобаның құны 12 млн теңгеге бағаланған. Алғашқы жылы төрт жоба мақұлданып жүзеге асуы тиіс еді, аяқсыз қалды. Одан кейінгі жылы сегіз аулаға ақша бөлінген, ол да бітпей сұраусыз күйінде кетті.

"Бұл жобаларға біздің қоғамдық ұйым жетекшілік еткен. Біз тұрғындармен бірлесіп жасадық. Алайда, өкінішке қарай 2021 жылы да 2022 жылы да аталмыш жобалар жүзеге аспай қалды. Неге бұлай болғанын әкімдердің өз аузынан естігіміз келеді", - деді жоба менеджері Юлия Айдарғазина.

Биыл жазда Павлодар қаласында 150 ауланың ойын алаңдарын жаңарту жоспарланды. Оған қазынадан 1,6 млрд теңге бөлінген. Бір қызығы оның бәрін алматылық бір мердігер ұтып алыпты. Осы күнге дейін бірде бір алаң пайдалануға берілген жоқ. 

Былтыр күзде ғана сол кезде өңірді басқарған Әбілқайыр Сқақов "Халықтың қатысуындағы бюджет" жобасын мақтап, 2023 жылы оған бөлінетін қаражатты 8 есеге арттырып млрд теңгеге жеткіземіз деп еді. Павлодар қаласының әкімдігінен "Халықтың қатысуындағы бюджет" бойынша ақпарат алу мүмкін болмады. Биліктегілер бір біріне сілтеп, бюрократиялық әрекеттен аспады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу