Павлодар облысы Успен ауданында ауылдың үздік әйелі анықталды. Бірақ қазылар алқасының шешімі бәріне бірдей ұнай қойған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, жергілікті мәдениет үйінде "Ауыл әйелінің күні" байқауы ұйымдастырылып, бас жүлде ретінде бір тонна көмір тігілген. Қыз-келіншектердің үй шаруашылығына ептілігін, шығармашылық қабілетін сынға салған қазылар өз таңдауын жасап, жеңімпазды анықтаған. Алайда төрешілердің шешімі сол мәдениет үйінің әдіскеріне "жақпай" қалды. Сондықтан ол байқаудан соң өзінің қызмет орнына дастархан жайып, ішімдікке сылқия тойып, әлгі жеңімпаздың "соңына түседі". Оны түн ортасында құрбысының үйінен тапқан "мәдениетті" қызметкер қарсыласын әй-жайға қарамай соққыға жыққан. Араша түспек болған үй иесіне де қол көтерген көрінеді. Ұйқыда жатқан балаларды да оятып, мазасын қашырды.
"Жәбірленушілер ауылдасынан қорыққандықтан, болған оқиға туралы тәртіп сақшыларына бірден хабарлаған жоқ. Арада біраз уақыт өткен соң ғана полицияға шағым түсірді. Медициналық сараптама екі тұрғынның денесінен ұрып-соғу белгілерін анықтады. Тәртіпсіздік жасаған азаматшаға қатысты Әкімшілік Кодекстің 73-бабы бойынша іс қозғалып, аудандық соттың қарауына берілді", – деп хабарлайды полиция департаменті.
Нәтижесінде сот байқауда жеңіліс тауып, бір тонна көмір ала алмай, қызғаныштан өзегі өртенген тұрғынға 15 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу туралы шешім шығарды.
Ажар Дәулетова