Павлодар облысының прокуратурасы есірткі сақтау мен таратуға қатысты бірнеше қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Өңірдегі Железин ауданында жеке тұрғын үй аумағынан шамамен 2 келі болатын марихуана табылды. Жергілікті прокурорлар мен полиция қызметкерлері тыйым салынған затты рейдтік шара барысында кинологиялық қызметтің көмегімен тапты.
Ауыл азаматының есірткі сақтау бойынша жасаған қылмысы сотта қаралды. Нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша жауапқа тартылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сол сияқты облыстық прокуратураның үйлестіруімен қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Олар кондитерлік көкнәр (мак) сатқан сыңай танытқанымен, шын мәнінде көкнәр тұқымдары мен сабанынан дайындалаған есірткі затын сатумен айналысқан. Арам пиғылдарын іске асыру үшін ас үйде қажет түрлі дәмдеуіш сатылатын орындар ашқан. Ал түптеп келгенде олардың "бизнесі" есірткіге тәуелді адамдарға көкнәрден жасалған есірткілік заттарды тарату болған.
Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі негізінде іс қозғалды. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бұл бағытта тергеу іс-шараларын жүргізуде.