Бұл бағдарламаның көмегімен көпбалалы, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар тұрғын үй құнының 10% бастапқы жарнасын төлеген жағдайда, 20 жылға дейін кредит беру мерзімімен жылдық 2% мөлшерлеме бойынша қарыз ала алады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Құжаттарды 22-31 шілде аралығында Кривенко көшесі, 25 мекенжайы бойынша Open Pavlodar кеңсесінде №13 үстелде қабылдайды.
Қалалық ТКШ бөлімі тұрғын үйді бөлу секторының меңгерушісі Ақерке Еламанованың айтуынша, Павлодардан 50 отбасының құжаттары қабылданды.
Спикер бағдарламаға көпбалалы немесе толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады деп түсіндірді. Бұл ретте олар жоғарыда көрсетілген санаттардың бірі бойынша тұрғын үй алуға кезекте тұруы тиіс, ал отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы 42 500-ден аспауға тиіс.
Дегенмен, өтініш беруші төлеуге қабілетті болуға тиіс: яғни, жұмысы болуы керек. Егер де анасы бала күтімімен демалыста болса, бағдарламаға әкесі қатыса алады. Тағы бір айта кетерлік жайт, отбасында өтелмеген несие болмауы керек.
"Өтінімдерді қабылдау лимиті жоқ. Біз барлық құжаттарды 31 шілдеге дейін қабылдаймыз. Тұрғын үй алу кезегінде 4 мың толық емес отбасы, 135 мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы, 411 көп балалы отбасы тұр. Егер олардың барлығы "Бақытты отбасы" бағдарламасына қатысқысы келсе, біз барлық құжаттарды қабылдаймыз. Алдымен құжаттарды 31 шілдеге дейін қабылдайтын боламыз, кейінірек оларды тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тапсырамыз. Бағдарлама үш жылға есептелген және биылғы жылы тапсырыстарын мақұлдамағандар келесі жылы бағын сынап көре алады", – деп атап өтті Ақерке Еламанова.