Павлодарда балалар лагерьден шұғыл түрде эвакуацияланды

Балаларды үйлеріне қайтаруға тура келді.  

Павлодарда балалар лагерьден шұғыл түрде эвакуацияланды Фото: Саула Шәкенова

Павлодар қаласының іргесінде оқушыларды сауықтыруға бағытталған "Балдәурен" лагері бар. Мұнда демалуға келген балалардың демалысы аяқасты үзіліп қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Демалыс күні мұндағы жылу трассанында апат болып, лагерь ғимараты жылудан ажыратылды. Бөлмелердің іші салқын тарта бастаған соң 5-9 сынып аралығында білім алатын 86 баланы үйге қайтаруға тура келді. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралиннің сөзінше, пайдаланылмаған демалыс күндерінің ақысы оқушылардың ата-аналарының шотына қайтарылады. 

"Сенбі күні таңертең жылу магистраліндегі апаттың салдарынан қысым төмендеді. Бұл оқиға төтенше жағдайлар департаментінде тіркелді. Ал лагерьде болған балалардың барлығы облыс орталығына жеткізілді. Мамандар апаттың салдарын жою жұмыстарына кірісті", – деп хабарлайды бөлім басшысы. 

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева аталмыш жайттан соң "Балдәурен" оқу-сауықтыру лагеріне арнайы барып, мәселенің мән-жайымен танысты. Өңірлік уәкіл бірқатар олқылықтың барын бүгіп қалмады. 

"Оқу және медициналық корпуста салқын. Балалар жататын корпус та түнде суытып кеткен көрінеді. Жатын бөлмелерде бояу иісі мүңкіп тұр", – деді ол. 

Сонымен қатар Сәуле Шәкенова мұндағы медициналық қызметкердің орны әлі бос екенін сынға алды. Демалыс маусымы басталған төрт күн аралығында 86 бала дәрігер қарауынсыз қалған. Абырой болғанда, бұл уақыт аралығында медициналық көмекке жүгінудің қажеті болған жоқ. Ал сондай мәселе туындай қалған кезде балаларды 30 шақырым қашықтықтағы облыс орталығына апару керек. Жергілікті білім беру бөлімі бұл олқылықтардың барлығын аз уақыт аралығында жоюға уәде берді. 

Жалпы 2024-2025 оқу жылына балалардың 18 рет келуі қарастырылған. Олар 15 күн аралығында демалып, оқу және сауықтыру бағдарламаларымен қамтылады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу