Павлодарда балаларды ұрып-соққан тәрбиеші бас бостандығынан айырылды

Бірақ ол жазасын кейін өтейтін болды. 

Павлодарда балаларды ұрып-соққан тәрбиеші бас бостандығынан айырылды Фото: Depositphotos

Өткен жылдың маусым айында Павлодар қаласында дүйім жұрттың жағасын ұстатқан жайсыз жағдай орын алды. Балабақша тәрбиешісінің бүлдіршіндерге қол көтеріп, дөрекі әрекет еткен видеосы әлеуметтік желілерде тез тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Былтыр жазда облыс орталығындағы №116 балабақшаға сәбилерін апаратын кей ата-аналар әлі тілі де шыға қоймаған балаларының әрекеттері өзгергенін байқады. Балалар барлығынан қорқып, жылай бастағанын аңғарды. Мұндай өзгерістің түп төркіні балабақшада болуынан күдіктенген ата-аналар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарады. Сол жазбалардан тәрбиешінің күш көрсетіп, қол көтергенін көрді.

Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан да тәрбиешінің балаларды жұлқып, шашынан сүйреп, итеріп, ұрып-соққаны айқын көрінеді. 

Ата-аналар тобы бірден полицияға шағым түсірді. Қылмыстық іс бойынша 16 баланың ата-анасы жәбірленуші деп танылды. Араға бір жылға жуық уақыт салып сот атышулы оқиғаға қатысты шешім шығарды. Атап айтқанда, 33 жасар тәрбиешіні төрт жарым жылға бас бостандығынан айырды. Алайда оның өзінің кәмелетке толмаған үш баласы бар екені ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі бес жылға шегерілді. 

Бірақ балалардың ата-аналары мұндай шешіммен келіспейтінін білдіріп, шағым түсіретінін жеткізді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу