Қалалық жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз және өздігінен жұмыспен қамтылған тұрғындарды кәсіпкерліктің негіздерін үйренуге шақырады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Оқыту нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту "Еңбек" бағдарламасы аясында "Бастау Бизнес" оқыту бағдарламасының жобасы бойынша өткізіледі. Жоба өздігінен жұмыспен қамтылған және жұмыссыз азаматтарға, өз ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге кіші және орта бизнесті дамытуға арналады", – дейді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінде.
Оқыту – тегін. Оқуды аяқтағаны және қатысқаны туралы сертификат алған қатысушыларға 16759 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді.
Өткен жылы кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан 30 қатысушы өтті. Олардан жетеуі өз ісін бастауға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант алды. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту орталығы арқылы бағдарлама қатысушылары 298,4 млн теңге жалпы сома мөлшерінде 33 жобаны жүзеге асыруға шағын несиеге ие болды.