Павлодарда серпіндіктердің бастамасымен жаңа жоба қолға алынды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы "Серпін" іскерлер ұйымы Павлодар облысы бойынша филиалының төрағасы Дарын Тәжібаев мәлем етті.
"Павлодардағы "Серпін" ұйымының мүшелері "Қазақстандық арман" атты қоғамдық бірлестік құрған болатын. Осы ұйым және Қазақстан Халқы Ассамблеясы жастар қанатының жетекшісі Элина Паулинамен бірлесе отырып, "Қазақша сөйлеу оңай" жобасын бастадық. Ереже бойынша қазақ тілін меңгеруді мақсат тұтқан кез келген өзге ұлт өкілі мен бір серпіндік қосылып, жеке жұп болады. Оларға бір ай уақыт беріліп, конкурстық жүйеде жеңімпаз анықталады. Шамамен 1-наурыз күні қорытындысы шығып, нәтижелі жұмыс жасаған жұп "ЭКСПО-2017" көрмесіне тегін билет ұтып алады, – деді облыстық "Серпін" филиалының төрағасы.
Дарын Тәжібаевтың айтуынша, бүгінде 30 адам іріктеліп, 15 жұп іске кірісіп кеткен. Жобаның негізгі мақсаты – қазақ тілін дамыту, серпіндік студенттердің жергілікті адамдармен қарым-қатынасын нығайту. Алдағы уақытта бұл жоба екінші рет қайта өткізілуі мүмкін.