Өткен демалыс күндері облыс орталығындағы екі бірдей саяжай учаскесіндегі аумақты қызыл жалын шарпыды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл күні "Строитель" және "Энтузиаст" бағбандық қоғамдарындағы 50 гектар жерттен өрт шығып, 55 адам дереу қауіпсіз орынға көшірілді. Барлығы 390 учаске отқа оранды. Оның ішінде 261 саяжай қараусыз қалған болса, 130-ға жуығында көкөніс егіліп, жеміс-жидек өсіріледі.
Жергілікті саяжай иелерінің сөзінше, соңғы 10 жыл көлемінде мұндай ірі өрт орын алған емес. Қазіргі уақытта зардап шеккендер өрттен кейін саяжайларын ретке келтіріп, шығын көлемін есептеуде.
Ал жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің мамандары арнайы зертхана арқылы өрттің шығу себептерін анықтауда. Жалпы, көктем келе мұндай аумақтарда оқыс оқиғалар жиілеп кететіні бар.
"Саяжай аумақтарындағы өрт әдетте сенбі, жексенбі күндері шығады. Себебі бұл күндері адамдар келіп, аумақты жинастырып, қоқысты өртейді. Бұл жолы "Саяжай" және "Энтузиаст" бағбаншылықтарындағы 20 көшенің бойында құрғақ шөп, шаруашылық ғимараттар мен саяжай үйлері өртенді", - дейді департамент бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
Жалпы, сәуір айының басында өрт қаупі кезеңі басталғалы өрт сөндірушілер саяжайға 27 рет шыққан. Бұл ретте өрт қауіпсіздігін сақтамаған 15 адамға ескерту берілді. Одан бөлек, тұтас облыс аумағында құрғақ шөп жанудың 103 жағдайы тіркелді. Яғни, 400 гектардан астам жерде қамыс, түрлі өсімдік отқа оранды. Ал мемлекеттік орман қорында 4 өрт болып, 31 гектарды қызыл жалын шарпыды.
Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін бүгінге дейін 170 рейд жүргізілді. Соның нәтижесінде сақтық шараларын сақтамаған 62 адамға 98 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.