Павлодар қаласындағы үш бірдей кітапхананың жабылуы облыс орталығындағы кітапхана жүйесін оңтайландыру және модернизациялау аясында жүргізілген. Бұл туралы "Хабар 24" жазып отыр.
Рухани ошақтар жұмысының тоқтауы енді қала тұрғындары мен тұрақты оқырмандардың арасында наразылық тудыруда. Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы шағымдарын білдіріп жатқан азаматтар өте көп. Әлеуметтік желілерге тарап кеткен бұл бейнематериалда кітаптар көлікке бейберекет жүктеліп жатқаны көрінеді. Тұрғындар кітаптар қоқысқа айналады деп топшылап, алаңдаушылық білдіріп отыр.
"Кітапханаларды оңтайландыру шеңберінде бірде бір кітапты тастамаймыз. Ескірген құралдар бойынша есеп жүргізіліп, оларды әлеуметтік қолдау қызметінің мамандарына тапсырамыз. Кейін кітаптарды қайырымдылық көмек ретінде түрлі ұйымдарға тарту етеміз", – деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары Наталья Шотаева.
Мемлекеттік қызметкерлер оңтайландыруға іліккен кітапхана мамандары жұмыссыз қалмайды деп сендірді. Мамандар өзге мекемелерге қайта қабылданып, жалақылары бұрынғы көлемде сақталады.