Павлодарда бірден 17 көшенің атауы өзгереді

954

Қаладағы көше атаулары қазақшаланады.  

Павлодарда бірден 17 көшенің атауы өзгереді

Өткен жылы облыс орталығындағы 17 көшенің атауын өзгертуге қатысты қоғамдық тыңдап өтіп, көпшілік ұсынысты қолдап еді.

Араға бір жыл уақыт салған соң ғана республикалық ономастикалық комиссия бекіткен өзгеріс ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтында жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Соңғы жылдары Павлодар облысында көшелерге мемлекеттік тілдегі атауларды беру жұмыстары оң жолға қойылған болатын.

Айталық, Ленин көшесі Астана, Кутузов Тәуелсіздік, кейін Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 1 Май Мәшһүр Жүсіп болып өзгерді. Жалпы соңғы бес жылдың ішінде өңірдегі 607 көше мен 26 елді мекеннің атауы ауысты.

Сол сияқты былтыр 17 көшеге қазақтың біртуар азаматтарының атауын беру ұсынылып, бұл мәселе қоғамдық тыңдауға қатысушылардың басым бөлігінің қолдауына ие болған-ды. Алайда бұл бастама сол тұста іске аспай қалды. Оның себебін Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медет Тауасқан былай түсіндірді:

"2021 жылдың мамырынан сол жылдың соңына дейін елімізде көше атауларын қайта атауға мораторий жарияланды. Жыл басында қаралы қаңтар оқиға болып, 17 көшеге қазақша атау беру кейінге шегерілді. Былтыр бастау алып, осы себептерге байланысты тұралап қалған жұмысты қайта қолға алып жатырмыз. Енді облыстық мәслихаттың бекітуін күтеміз".

Күні кеше облыстық мәслихат қаулы жобасын көпшілік талқысына шығарды. Соған сәйкес, Мир көшесі – Олжабай батыр, Урицкий көшесі – Генерал Смағұлов, 1-я Южная көшесі – Бірлік, 2-я Южная көшесі – Кәукен Кенжетаев, Парковая көшесі – Мұқағали Мақатаев, Донецкая көшесі – Мағжан Жұмабаев, Кубанская көшесі – Қалмұқан Исабай, Совхозная көшесі – Рафиқа Нұртазина, Таганрогская көшесі – Қазанғап би, Ангарская көшесі – Нағымбек Нұрмұхаммедов, Читинская көшесі – Аманжол Шәмкенов, Декабристов көшесі – Қамар Қасымов, Юннатов көшесі – Дихан Әбілев, 1 және 2 Советов көшесі – Генерал Бәкіров, Зыряновская көшесі – Қабдыкәрім Ыдырысов, Саянская көшесі – Алма Әжібаева, Лесная көшесі – ағайынды Дүйсембиновтер көшесі болып өзгермек.

Жалпы қазіргі уақытта Павлодар облысында 3 қала, 10 аудан, 5 кент, 126 ауылдық округ, 352 ауыл мен 3 523 көше бар.

Ресми дерекке сүйенсек, ауылдық округтердің 65℅-ы, ауылдардың 68℅-ы, көшелердің 49℅-ы қазақша атаумен аталады.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу