Павлодарда биыл 36 балабақша мүлдем жұмыс істемеген

1114

Павлодарда биыл 36 балабақша мүлдем жұмыс істемеген

Павлодар қаласында биыл жыл бойы 36 балабақша мүлдем жұмыс істемеген немесе 7 мың 200 орын бос тұрған. Десе де, бюджет тарапынан бөлінген қаражат толық игерілген. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен білім беру басқармасының алқа мәжілісінде  облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Берковский айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Облыстың тексеріс комиссиясы мен депутаттар Павлодар қаласының 22 балабақшасын тексеріп шықты, - деді Владимир Берковский. - Әрбір балаға мемлекет тарапынан 240 мың теңге  бөлінеді. Әрине, бұл үлкен сома емес шығар, дегенмен қаржы дұрыс мақсатта қолданылмай отыр. Балғындардың балабақшаға келуі 64 пайызды ғана құрайды. Бұл балабақшалардағы әрбір үшінші орын жыл бойы бос тұрғанын білдіреді. Сондықтан бүлдіршіндер мектепалды дайындықпен толық көлемде  қамтылмай отырған болса да, қаржы толық игерілген".

Оның айтуынша, бүгінде жолдама алуға кезекке тұрғандардың қатары қалың. Бұған қоса, бес балабақшада жүзу бассейні бар болғанмен, оның біреуі ғана жұмыс істейді. Осыған байланысты балалар дұрыс бармайтын мектепке дейінгі мекемелердің меңгерушілерінің еңбекақысын қысқарту туралы ұсыныс жасалған.

Мұндай жағдайдың шынымен де орын алғанын облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы да растады. Сондықтан балабақшаларға жолдама беруде ашықтықты қамтамасыз ету және балғындардың балабақшаға баруын бақылау мақсатында Smart Pavlodar пилоттық жобасы қолға алынған.
 

Десе де, аймақ басшысы мұндай жаңашылдық арқылы жағдайды күрделендірудің қажеті жоқ екенін атап өтті.

"Ауқатты отбасының балалары таңертең ағылшын тіліне, түстен кейін тағы да басқа қосымша дайындыққа барады. Егер де бала ауырмаған болса, тізімнен шығарып тастаңыздар. Smart Pavlodar жобасының қажеті жоқ. 1-қаңтардан бастап кезекте тұрғандарды шақырыңыздар және бұл облыс бойынша барлық мектепке дейінгі мекемелерге қатысты", - деп Болат Бақауов өзінің орынбасары Мейрам Бегентаевқа 2018 жылдың қаңтар айынан бастап тізім құрастыруды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу