Павлодарда бизнесті дамытуға бағытталған өңірлік бағдарлама ұсынылды

941

"Business Ertis" бағдарламасы бес бағытты қамтиды.

Павлодарда бизнесті дамытуға бағытталған өңірлік бағдарлама ұсынылды Фото: Валерий Бугаев

Бүгін Павлодар облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Айбек Тұрсынғалиев әкімдік мүшелері алдында жаңа бағдарламаның таныстырылымын өткізді. Оның айтуынша, "Business Ertis" кәсіпкерлерге кешенді түрде кеңес беріп, пандемиядан зардап шеккен шағын және орта бизнестің жағдайын жақсартуға көмектеседі.

Мәселен, алғашқы бағыт "Business Birge Ertis" деп аталады. Соның аясында кәсіпкерлердің жекелеген 300 проблемасы мен баршаға ортақ 37 өзекті мәселені шешу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарға бизнесті дамытуға қатысты 90-нан астам мемлекеттік шара түсіндіріліп, сол бойынша көмек көрсетіледі.

"Кәсіпкерлердің көпшілігі "Бизнестің жол картасы-2025", "Қарапайым заттар экономикасы" және "Еңбек" мемлекеттік бағдарламаларынан басқа қолдау шаралары барын білмейді. Біз одан басқа тетіктер бойынша кеңес береміз. Мысалы, құны 6,1 млн теңге болатын жобаны мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен 2,5 млн теңгеге іске асыруға болады. Яғни, бизнесмен қаржының 59%-ын үнемдейді. Өкінішке қарай, кейбіреулер осындай мүмкіндіктерден хабарсыз", - дейді Айбек Тұрсынғалиев.

Бағдарламаның "Business Social Ertis" бағыты биыл кемінде 100 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа орналастыруды не болмаса олардың бизнес бастауына жағдай жасауды көздейді.

"Business Eco Ertis" аясында өндірістік қалдықтарды сыртқа шығару көрсеткіші бойынша елде бірінші орында тұрған Павлодар облысын көгалдандыру, экологияны жақсарту сынды жобаларға қолдау көрсетіледі.

"Business Innovation Ertis" бағыты бойынша бизнес нысандар орналасқан аумақтарды, оларға қатысты деректерді, сол аудандағы тұрғындар мен көліктердің санын, басқа да мәліметтерді әп-сәтте көрсететін цифрлық-сараптамалық жүйе жасалады. Сол арқылы қандай да бір нысан ашуды қалайтын тұрғындарға талдау жұмыстарын жүргізу оңай болмақ.

"Business Invest Ertis" инвесторларға қолайлы бизнес-климат жасауға бағытталған. Павлодар облысының аумағында өндіріс орындарын салуға ниетті инвесторларға дайын ғимаратты жалға беру жоспарда бар. Ол үшін "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында аумағы 10 мың шаршы метр болатын нысан салынуы да мүмкін.

Осы бес бағытты қамти отырып "Business Ertis" бағдарламасы арқылы 36 негізгі және 588 қосымша жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Бірақ, әкімдіктің кейбір мүшелері бастама жақсы болғанмен, шикі тұстардың барын айтып қалды. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты қолдау шаралары ескерілмеген. Сол сияқты ай сайынғы индикаторлар он екі айға теңдей бөлінген көрінеді. Ал кейбір бизнес түрлері маусымдық екені назарға алынбай қалған.

Сондықтан бұл жоба әлі де жетілдіруді қажет етеді. Онымен айналысатын жобалық кеңсе бір апта аралығында іске кірісуге тиіс.

Ажар Дәулетов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу