Өрттің жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл өңірде тіркелген қауіптіліктің ең жоғары дәрежесі болып белгіленген үшінші рангты өрт болып саналады.
"Бұрынғы "Павлодар картон-рубероид зауыты" АҚ аумағындағы битум қабылдағыштағы өрт туралы хабарлама ТЖ департаментінің пультіне бүгін түнгі сағат 02:45-те келіп түсті. "Стройсервис-Арсенал" ЖШС-нің меншігіндегі ғимаратта битумды қыздыру ванналарының бірінде мұнай қалдықтарының қоспасы өртенді", – дейді департаментте.
Өртті сөндіруге облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметінің тоғыз техникасы мен 32 қызметкері қатысты.Төтеншеліктерге "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келді. Өртті сөндіру үшін автоцистернаның көбікті генераторы іске қосылды. Өртті сөндіру битум қабылдағыш ғимаратының қабырғалары мен шатыры металл профлистен жасалғандықтан қиынға соқты.
Тілсіз жау таңғы сағат 4:40-та ауыздықталып, сағат 05:35-те толығымен сөндірілді.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын анықталып жатыр.