Павлодар облысында медициналық мекемелер мен білім беру орындары қызметкерлерінің арасында коронавирустық инфекцияға қарсы екпе қабылдау көрсеткішінің жоғары екені байқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Осы уақытқа дейін 15 мыңнан астам педагог вакцина алды. Бұл ұстаздардың жалпы санының 94%-ын құрайды. Ал 2933 мұғалім денсаулық жағдайына байланысты әзірше екпе ала алмайды.
Сол сияқты дәрігерлердің қатарында вакцина қабылдағандар көп. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде медициналық мекемелерде еңбек ететін қызметкерлердің 95%-дан астамы екпе алып үлгерді.
Десе де, жалпы облыс тұрғындарының арасында белсенділік әлі де төмен. Соңғы мәліметтер бойынша, 203 146 мың адам вакцинаның екі дозасын да қабылдады. Бұл – азаматтардың жалпы санының 29%-ы.
"Бір-екі ай бұрын күн сайын 6,5 мыңға жуық облыс тұрғыны екпе алса, бүгінде бұл көрсеткіш бірнеше есеге азайды. Сондықтан бұрынғы қарқынға қайта оралу қажет. Күзгі жиын-терім науқаны, жұқпалы вирустық аурулар мен тұмау маусымы, жаңа оқу жылы жақындап келеді. Мұның бәрі коронавируспен ауыру жағдайына әсер етеді", - дейді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Айта кетейік, өңірде "Елім үшін егілемін" арнайы штабы құрылды. Аталмыш штаб екпе алған азаматтар саны бойынша әкімдердің рейтингін жасады. Оның нәтижесі бойынша, Успен ауданының әкімі Николай Дычко көш бастады. Ол басшылық ететін ауданда тұратын 7079 адамның 4394-і вакцинаның екі компонентін де қабылдады. Яғни, вакцина алғандардың саны 62,08%-ға жетті.
Ал Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев пен Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов рейтингті түйіндеп тұр. Кеншілер шаһарында тұрғындардың небары 39,08%-ы, Баянауылда 32,10%-ы екпе алды.
Ажар Дәулетова