Соңғы күндері ел көлемінде ауа райы күрт құбылып, тұрғындарға қолайсыздық тудырып тұр. Қатты желдің салдары Павлодар облысындағы елді мекендерді де жарықсыз қалдырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Түнде өңірдегі желдің екпіні 28 м/секундқа дейін жетті. Мұндай дауылға 38 ауылдағы электр желілері шыдас бермеді. Салдарынан 4276 абонент жарықтан өшірілді. Сонымен қатар, Павлодар қаласына қарасты Жетекші ауылындағы мектептің 30 шаршы метрлік шатыры ішінара зақымдалды.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сағат 14.00-дегі жағдай бойынша электр қуаты өңірдегі 25 ауылдық елді мекенде қалпына келтірілді. 13 ауылдық елді мекенде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олар -Баянауыл, Павлодар, Тереңкөл, Успен, Шарбақты аудандары мен Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы Береке ауылы. Яғни, 1553 абонент әлі де жарықсыз отыр.
Авариялық ақауларды жоюмен 47 бригада айналысуда. Жұмыстарға 137 адам және 46 техника жұмылдырылды. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
Кеше кешкісін жергілікті төтенше жағдайлар департаменті дауылды ескерту жариялаған болатын. Ертең де Павлодар облысының кейбір бөлігінде қар, боран, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге, шығыстан соққан жел 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін. Тіпті, кейбір аумақтарда желдің жылдамдығы 30 м/с болуы әбден ықтимал. Сондықтан мамандар тұрғындардан алыс жолға шықпауды сұрауды отыр.
Бұған дейін де қаңтар айындағы ауа райының қолайсыздығы салдарынан 117 ауылда жарық бір мезетте сөніп қалған болатын. Ол бірнеше тәулікте қалпына келтірілді. Ал бұл жолы авариялық жұмыстарға қашанға дейін жалғасатыны әзірше белгісіз.