Павлодарда дауылды желдің салдарынан төтенше жағдай жариялануы мүмкін

Қатты желден 30-дан астам үйге зақым келді.

Павлодарда дауылды желдің салдарынан төтенше жағдай жариялануы мүмкін Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Павлодар облысының аумағында екпіні 28-30 м/с дейін болатын қатты желдің салдары оңай болмай тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, облыстың үш қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақтарда, сондай-ақ, Ақтоғай мен Баянауыл аудандарында 12 әлеуметтік нысан мен әкімшілік ғимараттың, 31 көпқабатты және 3 жеке тұрғын үйдің шатыры мен қасбетіне зақым келген.

Зардап шеккен қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне жедел түрде келтірілген залалды бағалау мен зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы ТЖ жариялау туралы қажетті шешімдер қабылдау тапсырылды.

Желдің салдарынан ауылдық жерлердегі жұрт жарықсыз қалды. Атап айтқанда, электрмен жабдықтау желілерінде 120 апаттық өшіру орын алды. Қазіргі уақытта оның 69-ы жойылды. Қалғандарында жұмыстар жалғасуда. Бұл іспен 68 апаттық бригада айналысып,  62 техника жұмылдырылды.

Ауа райының қолайсыздығы салдарынан 3 адам зардап шекті. Екі адам жарақат алып, оның біреуі ауруханаға жеткізілді, екіншісі ауруханаға жатудан бас тартты. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бір адам алған жарақаттарынан қайтыс болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу