Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов шұңқырға құлап кеткен әжесі мен оның немересін құтқарып, көмек көрсеткен 6679 әскери бөлімінің қарауыл бастығы Ануар Каюмовқа құрмет көрсетті.
Қала әкімдігінде өткен кездесуде шаһар басшысы күтпеген жерден орын алған апаттан зардап шегушілерге ойланбастан көмекке ұмтылған азаматқа алғысын білдірді.
"Сіз Лермонтов көшесінің бойындағы опырылып түскен асфальттың астына құлап кеткен әжесі мен немересіне көмектесуге алдымен жеттіңіз. Сонымен қатар, қызды ауруханаға жеткіздіңіз. Бұл нағыз азаматтықтың белгісі. Әрбір әскери қызметші үшін үлгі боларлық іс", - деді Нұржан Әшімбетов.
Еске сала кетейік, 3 қазанда 4 жасар Ульяна мен оның 58 жасар әжесі Лермонтов және 1-май көшелерінің қиылысында асфальттың астына құлап кеткен еді. Оларға көмекке алғаш болып 6679 әскери бөлімінің қарауыл бастығы Ануар Каюмов жетіп, шұңқырдан аман шығарып алған болатын.
Рavlodarnews.kz