Павлодарда екі қызды қағып кеткен трамвай жүргізушісі ұсталды

887

Павлодарда екі қызды қағып кеткен трамвай жүргізушісі ұсталды

Бүгін таңсәріде Павлодарда сегіз және он жастағы апалы-сіңлілерді қағып кеткен трамвай жүргізушісі уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Трамвай және кәмелетке толмаған қыздардың қатысуымен болған оқиғаға қатысты "көлік құралын басқарушы тұлғаның абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзуы" бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, - деп хабарлады БАҚ-қа Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысының міндетін атқарушы Руслан Оспанов. - Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі бірқатар қажетті сараптамалар белгіленді".

Қазіргі уақытта жүргізуші уақытша ұстау оқшаулағышына жеткізілді.

"Аталған бап бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгілеуді көздейді", - деді Р. Оспанов.

Павлодардағы №4 мектептің директоры Зәуреш Әбілқасованың айтуынша,  трамвайдың астына түсіп, ажал құшқан Махаббат төртінші гимназиялық сыныпта оқыған, ұқыпты оқушылардың бірі болған. Үлгерімі жақсы, балет биіне қызыққан, сурет салуды ұнататын. Сіңлісі Марал екінші сыныпта оқиды. "Қыздардың отбасы мүшелері мектеппен үнемі тығыз байланыста жүреді, - дейді Зәуреш Әбілқасова. - Өткен жылы бұл үйдің отағасы қайғылы жағдайда қаза тапты. Аналары үш баланы тәрбиелеп отыр: кенже ұлы екі жасар, үлкені Махаббат, ал ортаншы перзент Марал - қазір ауруханада жатыр".

Еске сала кетейік, Павлодар қаласындағы Кутузов көшесінде екі оқушы қыз трамвай астына түсіп қалды, оның бірі қаза болды. "Павлодар қаласының трамвай басқармасы" АҚ-ның баспасөз хатшысы Тимофей Голевтің айтуынша, жол апаты бүгін таңертең 7.42-де болған. Кутузов көшесінің бойымен қозғалып келе жатқан трамвай жаяу жүргіншілер жолағы жанындағы "Аймауытов театры" аялдамасының алдында жол көлігі апатына ұшырады.

Трамвайды 1987 жылғы  қыз басқарған. Еңбек тәжірибесі - 5 жыл. Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше,  2007 және 2009 жылғы екі мектеп оқушысы трамвай астына түсіп қалған. 10 жастағы қыз ауыр жарақат алу салдарынан оқиға орнында көз жұмды. 8 жастағы екінші қыз облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімшесіне жеткізілді. Оны нейрохирург, травматолог, реаниматолог мамандар қарап жатыр. 

"2009 жылы туған қыз бала жарақаттан кейінгі 2-3-інші дәрежелі есеңгіреу, ауыр деңгейде бас миының соғылуы түріндегі жабық бас-ми жарақаты белгілерімен түсті, - деді аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Гүлсара Тампиева. - Барлық емдеу-диагностикалық шаралар толық көлемде жасалды және жалғастырылуда. Қазір жағдайы ауыр. Туыстары келді. Қыз есін біледі. Барлық шаралар анестезиямен жүргізілуде, сондықтан біз сөйлесуге жібермейміз. Қыз жансақтау бөлімінде жатыр".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу