Павлодарда электр энергиясы қымбаттады

930

Құзырлы орган жаңа тарифті бекітті.

Павлодарда электр энергиясы қымбаттады

ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес, осы жылдың 1 сәуірінен бастап электр энергиясын өндіретін кәсіпорындар үшін жаңа тариф бекітілген болатын. Сондықтан жарықпен жабдықтаушы компаниялар да бағаны еселеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін электр энергиясын таратушы компания - "ПавлодарЭнергосбыт" ЖШС оны өндіруші - "ПавлодарЭнерго" АҚ-нан жарықтың 1 кВт/сағатын 8,29 теңгеге сатып алып, жеке тұлғаларға 11,12 теңгеге, заңды тұлғаларға 17,96 теңгеге және бюджеттік ұйымдарға 24,25 теңгеге жеткізіп келген еді.

1 сәуірден бастап "ПавлодарЭнерго" АҚ бағаны 10,24 теңгеге дейін өсірді. Яғни, өсім 23,5%-ды құрады. Сол себепті "ПавлодарЭнергосбыт" ЖШС табиғи монополияларды реттеу агенттігіне шекті тарифті 3,51 теңгеге көбейтіп, 19,25 теңге көлемінде бекіту туралы өтініш берді.

Павлодар облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Ибрагим Тангиевтің айтуынша, тариф 19,15 теңге болып бекітілді.

"1 маусымнан бастап тұрғындар бір кВт/сағат электр энергиясы үшін 12,23 теңге, заңды тұлғалар 19,76 теңге, бюджеттік ұйымдар 44,99 теңге төлейді", - дейді Ибрагим Тангиев.

Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук негізгі жүктеме бюджет есебінен қаржыландырылатын мекемелерге түсетінін айтты.

"Тұрғындар үшін тариф тек 1 теңгеге өседі. Шағын және орта бизнеске де аса ауыртпалық түспейді. Олар үшін баға өсімі 1,8 теңгені құрайды. Бұл ретте барлық жүктеме бюджеттік ұйымдарға түсіп тұр. Бұған дейін тариф 24,25 теңгені құраса, енді 44,99 теңге болады", - дейді Олег Крук.

Мамандардың есептеуі бойынша, 1 бөлмелі пәтер иелері электр энергиясын пайдаланғаны үшін орта есеппен 171,7 теңге артық төлейді. 2-бөлмелі пәтерлерді жарықпен қамту бағасы 282,8 теңгеге, 3-бөлмелі пәтерлер үшін 378,75 теңгеге өседі.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу