Еліміздегі электр энергиясының жартысынан астамы өндірілетін Павлодар облысында тариф тұрақтамай-ақ қойды. Электр энергиясы үшін төленетін ақы осыдан жарты жыл бұрын ғана өскен еді. Ол кезде баға 3 теңгеге қымбаттады. Тамыз айынан бастап баға тағы қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, Павлодар облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті монополист компанияның өтінішін мақұлдаған. Сөйтіп, "Павлодарэнерго" АҚ 10 тамыздан бастап электр энергиясының ақысын жаңа тарифпен есептейтін болды. Атап айтқанда, 1 кВт/сағ бағасы орта есеппен 2 теңгеге өседі.
Мәселен, тұрмыстық мақсатта энергияны тұтынушылар үшін 1 квт/сағ ақысы 20, 0144 теңгеден 22,0192 теңгеге дейін өседі. Тұрмыстық емес мақсатта қолданылатын электр энергиясының бағасы 30,8672 теңгеден 32,704 теңгеге дейін көтерілмек. Сол сияқты әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндіретін заңды тұлғалар тұтынатын электр энергиясының бағасы 30,8672 теңгеден 32,5248 теңгеге дейін қымбаттайды.
"Электр энергиясы тарифінің өсуі ұлттық электр желісін қолдану тарифінің, энергия тарату ұйымдарының желілері арқылы электр энергиясын беру қызметі шығындарының, кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысының өсуімен байланысты", - деп мәлімдеді "Павлодарэнерго" АҚ өкілдері.
Ал бұл ретте коммуналдық қызмет көрсететін тағы бір компания тарифті заңсыз көтеріп, тұтынушылардың қалтасын қаққаны белгілі болды. Дәлірек айтқанда, "Ақтоғай су" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны мемлекет тарапынан субсидия алғанына қарамастан сумен қамту бағасын негізсіз өсірген. Аталмыш кәсіпорын тұрғындар тұтынған бір текше метр су үшін 201,75 теңге алған. Оған қоса, кәсіпорын ақыны төлеу мерзімін қысқартып, өсімпұлды 2,2% көлемінде белгілеген. Ал келісім шартқа сәйкес, төлем кешіккен әр күннің өсімпұлы 0,1%-дан аспауы тиіс.
Бұл олқылықтың барлығын прокурорлар анықтады. Осындай заңсыз әрекеттердің салдарынан кәсіпкерліктің 17 нысанының және 1,4 мың жеке тұлғаның құқығы бұзылды.
"Прокуратураның араласуы арқылы заңды тұлғаларға арналған тариф 190 теңгеге, жеке тұлғалардың коммуналдық ақысы 150 теңгеге дейін төмендеді. Төлем мерзімі де ретке келтіріліп, өсімпұл 0,1%-ға дейін түсті", - деп хабарлады прокуратура қызметкерлері.
Ал кәсіпорынның өзі 590 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттелді. Директорға қатысты тәртіптік шара қолданылды.