Павлодарлық полицейлер есірткі жасырушыны ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
"Белгісіз әйел Павлодар қаласының көшелерінде бір-біріне жақын орналасқан жер учаскелерін фотосуретке түсіріп жүрген. Фотосуреттерді не үшін түсіріп жатқаны туралы сұраққа ол өзіне ұнағанын суретке түсіргенін айтты, бірақ бейнежазбаларды көргенде күдікті есірткі жасырғанын мойындауға мәжбүр болды", - деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Әйел мессенджерлердің бірінде есірткі заттарын таратумен айналысатын интернет-дүкенге "жұмысқа орналасу" туралы хабарландыруды көргенін айтты.
Нұсқаулық өткеннен кейін күдікті курьер болып, есірткі жасырумен айналысқан. Олардың координаттарын фото арқылы дүкен операторларына жіберіп отырған.
Жеке тінту барысында әйелден жалпы салмағы 54,35 грамм болатын 36 орам табылып, тәркіленді, олардың құрамында "альфа-PvP" психотроптық заты бар.