Павлодарда Естайдың ескерткіші ашылды

2332

Ескерткіште ақын, музыканттың жас кезі бейнеленген. 

Павлодарда Естайдың ескерткіші ашылды Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысының орталығында белгілі ақын, композитор Естай Беркімбайұлына арналған ескерткіш ашылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Оның авторы – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Азат Баярлин. Белгілі суретшінің жұмысы 12 жобаның ішінен іріктеліп алынып, үздік деп танылған болатын. Бір қызығы, ел арасында Естайдың егде тартқан кездегі суреті кеңінен таралып, жұртшылықтың санасында дәл сол бейнесі жатталып қалса, ескерткіште жас Естай бейнеленген.

"Жобаның жұмысын бастамас бұрын Естай Беркімбайұлының өмірбаянын жан-жақты зерттедім. Бәрінен де оның Қорланған деген махаббаты ерекше тебірентті. Бұл іңкәр сезім болмаса, "Құсни Қорлан" сынды туындылар жазылмас па еді, кім білсін?! Естай өмірінің соңына дейін сүйіктісі туралы жырлап, екеуінің арасындағы сезімнің символына айналған жүзікті көзінің қарашығындай сақтады. Сондықтан мен оның жасамыс тартқан шағын емес, жас кезін бейнелеуді жөн көрдім. Бұл жерде ақын, музыкант қолына домбырасын алып, қазақтың кең даласында Қорлан жайлы ойлап кетіп барады. Тұрғындар бұл идеяны түсініп, оң бағалар деп үміттенемін", - дейді мүсінші.

Ескерткіш бір жыл аралығында дайындалған екен. Осы уақытта бірнеше өзгеріс енгізілді. Мәселен, Естай солақай болғандықтан, домбыраны бір қолынан екіншісіне ауыстырып, мүсін жасауға тура келді.

Жалпы, ескертіштің биіктігі – 8 метр. Ол қоладан құйылып жасалған. Ақынның ескерткішін орнатуға облыстық бюджеттен 45 млн теңге жұмсалды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, ҚР Парламенті Сенатаның депутаты Алтынбек Нухұлы, ақынның ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Естай Беркімбайұлының ұрпағы, "Егемен Қазақстан" газетінің журналисі Фархат Әміренов ескерткіш орнату бастамасын көтеріп, бұл бастаманы қолдаған азаматтарға алғыс білдірді. Сондай-ақ, бірқатар ұсынысты ортаға салды.

"Естай атамыз 1946 жылдың наурыз айында өмірден өтті. Араға 75 жыл салып қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлға, әнші, композитор еңселі ескерткішке айналып, ортамызға оралды. Естайды Естай еткен – оның әндері. Сол әндерімен ол бүгінгі күнге дейін жетті.

Осыдан бірнеше жыл бұрын әншінің туған жерінде Естай атындағы республикалық дәстүрлі әндер  конкурсы өтетін. Ол Қазақстандағы "мен деген" дәстүрлі  әншілердің басын біріктіріп, өңір жұртшылығы асыға күтетін айтулы  шара еді. Соңғы жылдары бұл бастама үзіліп қалды. Игі шараны қайта жаңғыртуды сұраймыз", - деді Фархат Әміренов.

Сонымен қатар, өңір басшылығына Естай туралы мәліметтерді бір кітапқа жинастырып, Естай энциклопедиясын шығаруды және Естай мен Қорланның ғашықтық хикаясы туралы  көркем фильм түсіру  туралы ойларды ортаға салды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан жерлесіміз, әлемдік деңгейдегі опера әншісі Мария Мудряк Естай бүкіл жан дүниесі мен сүйіспеншілігін шығармаларына дарыта білген шебер екенін айта келе, оны Джузеппе Вердимен салыстыруға болатынын тілге тиек етті.

Ескерткіштің ашылу салтанаты аясында Естай атындағы мәдениет сарайында жаңадан құрылған "Qagan" этнографиялық тобының алғашқы шығармашылық концерті өтті.

Ажар Дәулетова 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу