Павлодарда фермер балықты басқа ауданда өсіруге мәжбүр

365

Кәсіпкерге бизнесін сақтап қалу үшін басқа ауданға көшуге тура келді.

Павлодарда фермер балықты басқа ауданда өсіруге мәжбүр Фото: Ашық дереккөзден

Павлодар облысындағы балық өсіретін жалғыз шаруашылыққа тоған ауыстыруға тура келді. Ақсу қаласының әкімдігі кәсіпкердің 15 жылдан бойы пайдаланып келген жер телімінің мерзімін созбай қойған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Кәсіпкерге бизнесін сақтап қалу үшін басқа ауданға көшуге тура келді. Қазір жаңа мекенде орын теуіп жатыр. Биыл сатылымға шағаратын балық болмайтынын айтады. Өйткені, билікпен айтысып тартысып жүргенде уақыт өткізіп алған.

Павлодар облысында бірнеше тоған шаруашылығы бар. Десе де, балықты бақайшығынан бастап өсіріп, өндірумен айналысатыны жалғыз ғана. Қ. Сәтбаев атындағы су арнасында да уылдырығынан жетілдіретін кәсіпорын бар, бірақ ол мемлекеттікі. Жаңа мекенге көшкен шаруашылық біз барғанда балықтың уылдырығын алып жатыр екен.

Инкубатордың ішіндегі бір келі тұқы уылдырығынан 700 млн дернәсіл шығады. Алайда, олардың тек 20 пайызы ғана жетіліп шабаққа айналады. Кәсіби мамандар ұрықтың белсенділігін микроскоппен қарап өнімділікті анықтайды.

Балық шаруашылығы бұған дейін 15 жыл бойы Ақсу қаласының ауылдық аймағында жұмыс істеп келді. Ол жерде кеңестік кезеңнен қалған қондырғылар бар, ыңғайлы еді. Биыл Ақсудың әкімдігі мерзімі аяқталған жер телімін түрлі сылтаумен созбай қойды. Қазір іс Жоғары сотқа дейін жеткен.

Успен ауданының әкімдігі сөзге келместен кәсіпкерге жер бөліп берген. Бұндай инвесторлар таптырмасы анық. Қазірдің өзінде Константиновка ауылының жеті тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

Биыл облыс Үкіметке 300 тонна тауарлы балық беруге тиіс болатын. Кәсіпкер бұл жоспардың орындалуына күмәнмен қарайды. Өйткені, соттар сергелдеңі және ары бері көшіп жүріп балық түгілі бас қайғы болған. Әйтсе де, Ертіс өзеніне үш млндай тұқы шабақтарын жібереміз дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу