Павлодарда фермерлер малды сатып жатыр

460

Соңғы жылдары Павлодар облысының фермерлері құрғақшылықтың құрсауында қалды.

Павлодарда фермерлер малды сатып жатыр Фото: Ашық дереккөзден

Биылғы қуаңшылықтың беті, тіптен, жаман. Мамырдан бері аспаннан тамшы тамбады. Ал, жаз шыққалы күн күйіп тұр. Ертіс өзені де арнасынан аспай, шабындықтарға су жетпей қалды. Қыстан шықпай қаламыз ба, деп қауіптенген шаруалар малдарын сатып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.  

Ал, жергілікті билік мал азығын әзірлеу бойынша қандайда бір бағдарлама жасауға асығар емес.

Бұқтырылған ет шығаратын Павлодар облысының Май ауданындағы ең ірі шаруашылық, төрт түліктің үш түрін өсіріп отыр. Осыдан оншақты жыл бұрын Ресейдің Алтай өлкесінен әкелген 500 бас ешкі саны қазір 7-8 мың басқа жеткен. Алайда, қайтадан мал басын азайтуға тура келіп отыр. Өйткені, қырда шөп жоқ. Құрғақшылықтан күллі малды қырып аламыз ба, деп қауіптенеді.

"Дәл қазір біз малдың санын азайтып жатырмыз. Өйткені, жайылым да жоқ, шөп те жоқ. Тоғайда биыл су шыққан жоқ, мүлде шыққан жоқ біздің ауданымызда. Ауыл шаруашылығында жүрген азаматтар, шаруашылықтар осындай қиындықтар көріп жатыр. Біз міне жуырда 600 бастай ешкі төлін сатып жатырмыз. Айтуға да ұят", - деді шаруа қожалық басшысы Гүлзира Қазылова.

Керекулік фермерлері өңір билігіне өкпелі. Өйткені, былтырдан бері шөп шабуға арзандатылған жанар жағармай беру мәселесін көтергендерімен жауап жоқ. Аймақта мал азығын дайындау бойынша қандайда бір бағдарлама да қарастырылмаған. Биыл, жағдай тіптен қиындайын деп тұр. Ертіс өзені небәрі 34 пайызға ғана жайылған. Жығылғанға жұдырық болып күн де күйіп тұр. Аспаннан тамшы тамбай дала қаңсып қалды. Павлодарлық шаруалардың жанайқайы Парламентке де жеткен.

"Сәуірдің соңы, мамырдың басында таситын өзен суы шабындықтарға жайыла алмады. Соның кесірінен тек қана Павлодар облысының өзен бойындағы жеті бірдей ауданының халқы, төрт түлік баққан шаруалары жеп-қалуы мүмкін. Ол ол ма? Бұл 370 мың гектарға жуық еліміздегі ең үлкен жайылым Ертіс бойындағы тоғайлы сулы алқаптың экологиялық жүйесіне, саяз суда уылдырық шашатын балықтардың популяциясына орасан зиян тигізіп отыр", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы.

Маусым шыққалы Павлодарды аптап ыстық қуырып тұр. Ауа температурасы +40-тан асып кеткен күндер бар. Жаңбыр жаумай жер күйіп кетті. Кеше Павлодар облысының бас имамы бастап әкімдігі қостап тасаттық берген. Әйтсе де, әзірге тамған тамшы жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу