Павлодарда фермерлік базар ашылды

Мұнда өнімдер арзанға сатылмақ. 

Павлодарда фермерлік базар ашылды Фото: Есенжол Исабек

Бүгін облыс орталығында "Jailau" деп аталатын базар жұмысын бастады. Аталған сауда орнында ауыл шаруашылығы өнімдері тұтынушыларға делдалсыз ұсынылатын болды. Яғни егістіктен бірден сөреге түседі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Фермерлік базарда жабық орындар, қойма мен көше саудасына арналған павильондар бар. Олардың барлық аумағы 1 мың шаршы метрден асады.

Бүгінде өңірдегі 32 тауар өндіруші өз өнімдерін сатылымға қою жөнінде келісімшарт жасады. Оларға сауда нүктелері жеңілдетілген талаппен жалға беріледі. 

Базар ашылмас бұрын тұрғындар тарапынан жаңа сауда орнының орналасуына қатысты басты екі сұрақ болды. Алғашқысы - оның қаланың шеткі аумағында орналасуы. Кейбір сатып алушылар бұл зейнеткерлерге қиындық тудыруы мүмкін екенін алға тартты. Жергілікті билік мұны осындай кең бос жердің қала ішінде жоқ екенін айтты. Сондықтан сыртқы аумақта салуға тура келді. Мәселені шешу үшін бүгін вокзалдан базарға қатынайтын №42 автобус жолға шықты.

Оған қоса, фермерлік базарға бірнеше бағыттағы трамваймен жетуге болады. Облыс әкімдігі мен Трамвай басқармасы өзара жасаған келісімге сәйкес, әр сенбі күні түскі уақытқа дейін трамвайлар тұрғындарды базарға тегін апаратын болды. Бүгіг сауда орнының ашылу салтанатына қатысқан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов та таңертең ел қатарлы базарға трамваймен жетті. 

Барған соң әдеттегідей әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, павлодарлықтарды жәрмеңкеге шақырды. Сауда орнының жұмысына жауапты қызметкерлерге тапсырма беріп те үлгерді. Мәселен, жұртшылықтың сүтке деген сұранысы мен ұзын-сонар кезекті ескере отырып, сүт сату нүктесін көбейтуді тапсырды. 

Жұртшылық тарапынан жиі туындаған екінші сұрақ – сенбілік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің әдеттегідей Орталық базар аумағында емес, жаңа базарда өтуі. Аймақ басшысының сөзінше, болашақ та бұл жер де тұрғындар көп жиналатын орынға айналады. Ал жәрмеңкенің бұрынғы орны көпшілік бос уақытын өткізетін демалыс аймағы ретінде абаттандырылады. 

Айта кетейік, базардағы ет, сүт, балық өнімдері нарықтық бағадан 10-15%-ға төмен сатылады. 

Құндыз Қабылденова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу