Павлодарда ғасырдан артық тарихы бар зауыт жойылуы мүмкін

335

Павлодарда жүз жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын жойылуы мүмкін.

Павлодарда ғасырдан артық тарихы бар зауыт жойылуы мүмкін Фото: Aikyn.kz

"Мектеп саламыз", дегенді желеу еткен жергілікті билік, су көлігін жөндейтін зауытты құрдымға жібермек. Кәсіпкерге жер телімін босатуға үш ай уақыт берілген. Осы аралықта өз еркімен екі гектардан аса аумақты мемлекетке қайтарып бермесе мәжбүрлеп тартып алу шарасы қолданылмақ. 

Павлодардағы кеме жөндейтін зауыт  еліміздегі бірегей кәсіпорын. Бұл жерде тозығы жеткен үлкенді-кішілі су көліктері қалпына келтіріледі. Мекемеде 30-дай адам еңбек етеді. 

Тарихқа көз жүгіртсек, Кереку жерінде су көліктерін жөндейтін зауыттың іргетасы 1911 жылы қаланыпты. Ғасырдан аса уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынның қазір басына күн туып отыр. Өйткені, зауыт орналасқан екі гектардан аса аумақ жергілікті биліктің көз құртына айналды. 

Жақында қалалық әкімдіктен кәсіпорын иесіне ескертпе хат келіпті. Онда зауыт орналасқан аумақты босату жөнінде нұсқау берілген. Айтқанға көнбесе мәжбүрлі түрде аламыз, деп сес көрсетіпті. 

"Жерімізді алып қоятын болса кәсіпорынды жабуға тура келеді. Жәй ғана жабу емес зауыт мүлде жойылады. Өйткені, біз басқа жерден аша алмаймыз. Бізге су көліктері жететін айлақ болуы керек. Ол осы жерде ғана бар. Сондықтан, жерімізден айырылсақ кәсібіміз де құрдымға кетеді", - дейді Кеме жөндеу зауытының атқарушы директоры Николай Цепелев. 

Кеңес заманынан келе жатқан кәсіпорын Павлодардың Усолка шағын ауданында орналасқан. Соңғы оншақты жылда бұл мөлтек ауданда жаңадан зәулім үйлер бой көтеріп халық саны артты. Сол себепті, шағын аудандағы екі мектепке бала сыймай жатыр екен. 

"Усолка шағын ауданында екі мектеп бар. Ол жерде 3600-ден аса оқушы оқиды. Жалпы жобалық қуаты 2300. Яғни, 1300-ге жуық біздерде жаңағы дефицит болып келеді, орын тапшылығы бар. Сондықтан да 1200 орындық мектептің салу біздерге қазіргі уақытта қажеттілік туындып тотыр", - дейді Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин.

Жергілікті билік мектеп салуға кеме жөндеу зауытының жері лайық деп шешіпті. Өйткені, шағын ауданда басқа бос орын жоқ дейді. 

"Үш жер телімі қарастырылып жатыр. Оның бірі кеме жөндеу зауытының жері, екінші нұсқа жер үйлер секторынан 48 уасток сатып алу, үшіншісі зағиптар қоғамының цехы орналасқан аумақ. Қазір біздің сәулетшілер осы үш учаске бойынша жұмыс істеп жатыр. Бір айта кетерлігі, жер үйлер учаскесін сатып алу ұзақ процесс. Ал, бізге келер жылы мектеп құрылысын бастау керек", - деді Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева. 

Кеме жөндейтін зауыт орналасқан жер су қорғау аймағына жатады. Яғни, ол Павлодар қаласының бас жоспарында қызылмен белгіленген. Демек, ол аумақта құрылыс жүргізуге болмайды. 

"Ол жер бұрыннан рекреациялық аймақ. Әлі де солай. Заңнамада ол аумаққа күрделі құрылыс жүргізуге болмайды. Тек, саябақ секілді нысандар салуға рұқсат етілген", - дейді Павлодар қаласы бас жоспарын дайындаушы компанияның директоры Людмила Кузнецова.

Су қорғау аймағына күрделі құрылыс жүргізуге эколог мамандар да қарсы. "Бұл экологиялық кодекске қарама-қайшы" дейді. Ал, әкімдіктегілер әзірге нұсқа ретінде қарастырып жатқандарын айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу