Павлодар облысына қарасты Май ауданының тұрғындары Қадыр және Қаламшаш Арыновтар осыдан тура 60 жыл бұрын шаңырақ көтерген еді. Сол уақыттан бері саяси науқаннан қалыс қалған емес, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қаламшаш апа - батыр ана. Ол 10 баланы өмірге әкеліп, жолдасы екеуі ел азаматтарын өсіріп, тәрбиеледі. Биыл 77 жасқа толатын кейуана сайлау учаскесіндегі халықтың ашық-жарқын жүзін, көңілдің хошын ашатын ауанды көріп, қуанып тұрғанын жеткізді.
"Ауылдастарымның, әсіресе немерелерімдей жастардың қатары қалың екенін көріп, қуанып тұрмын. Барлығы еліміздің болашағы, халқымыздың жарқын өмірі үшін таңдау жасап жатқаны сөзсіз. Учаскеде қарсы алған комиссия мүшелері де көңілімізді көтеріп, сыйлығын табыстады. Қазіргі күні зейнетке шықсам да, елдің саяси өмірі, балаларымның келешегі мені алаңдатады. Бұл сайлауда сөзі – дұрыс, ісі - түзік, білімді азаматтар жеңіске жетсе екен деп тілейміз. Жаңа Қазақстанды құруға атсалысып жатқанымды мақтаныш тұтамын,-деп атап өтті батыр ана.
Қадыр ақсақал мен Қаламшаш әжейдің ұл-қыздарынан бүгінде немерелерін қоспағанда, 12 шөбере тарап отыр. Отағасы кезінде совхоздың жұмысында тер төгіп, тракторист, шопан қызметтерін атқарыпты. Бүгінгі бейбіт өмірге шүкірлік ететін қариялар биыл жазда отасқандарына 60 жыл – гауһар тойларын атап өтпек.