Павлодарда гүл егіп, ағаш кесуге 80 миллион теңге бөлінді

2371

Ал гүл егумен небары 20 адам айналысады.

Павлодарда гүл егіп, ағаш кесуге 80 миллион теңге бөлінді

Мердігер компания – "Дендра" ЖШС облыс орталығындағы көшелер мен саябақтарда гүл егуді 6 мамырда бастады. Бүгінгі күнге дейін 2,5 мың шаршы метрге гүлдің түр-түрі егілді. Тағы 10 мың шаршы метр жер дайындалды. Барлығы 14 840 шаршы метр аумақ қызылды-жасылды "кілемге" айналмақ.

"Биыл гүлдің 50 түрін, жалпы алғанда 450 мың түпті отырғызамыз. Солтүстік өңірдің климаты ескеріліп, суыққа төзімді гүлдер таңдап алынды. Қазан айына дейін олар жайқалып өсіп, қала көркін келтіреді деген сенім бар. Бұл ретте цифрландыру үдерісінің біздің салаға да жеткенін атап өткім келеді. Дизайнер белгілі бір аумақты көріп, оның сызбасын компьютерге түсіреді де, осы аумаққа қанша түп гүл керек екенін есептеп береді. Сөйтіп, уақыт та, қаржы да үнемделеді", – дейді "Дендра" ЖШС директоры Руза Хамитова.

Бірақ, гүл егумен 20  адамның ғана айналысуы айтарлықтай қолбайлау болып тұр. Маусым айында оларға "Жасыл ел" еңбек жасағының жастары көмекке келмек. Оған дейін 20 жұмысшының демалмастан тынымсыз еңбек етуіне тура келеді.

Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Арман Құсайыновтың айтуынша, биылғы гүл егу жұмыстарына бюджеттен 49 млн теңге бөлінді. Ал жазғы уақытта ағаш бұтақтарын кесу үшін мемлекеттік қазынадан 30 млн теңге қарастырылды. Мердігер компания – "Горзеленстрой" ЖШС күзге дейін 6,5 мың ағашты ретке келтіріп, фитосанитарлық жұмыстарды жүргізуге тиіс.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу